Су ресурстарын тиімді пайдалану бүгінгі күннің маңызды мәселесі болып отыр. Жерасты суының жақын болуы және жер бетіне тұзды судың көтерілуі Түркістан облысына қарасты Шардара ауданының басты проблемалық мәселелерінің бірі болып келген болатын. Осыған байланысты биылғы жылдан бастап аймақта 302 бірлік тік дренаж ұңғымаларды қашыртқыларымен қоса қайта құру жобасы басталды. Аталмыш ауқымды жоба аясында ұңғымалар қазу арқылы жерасты суының денгейін төмендету тетігі де қарастырылған. Су ресурстары комитетінің тапсырысы негізіндегі жұмыстар бүгінде бірнеше ауылдық округтерде жүзеге асырылып жатса, құрылыс жұмыстарынан соң аймақта егістік жерлердің ахуалы жақсара түседі деген жоспар бар. Сондай-ақ, Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы әкімінің Арыс ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген, елді мекен ішінен өткен ұзындығы 4 шақырымды құрайтын «Қалмақтоған» каналының су алып (шайып) кететін қауіпі аймақтарын ретке келтіріп беру мәселесі айтылған болатын. Аталған мәселе бойынша, шаруа қожалық жерлеріне ағын су баратын «Қалмақтоған» каналының, су алып кетуі мүмкін болған қауіпті жерлерін «Ақсу» МКК тарапынан қазып, ретке келтіріліп, жөндеу жұмыстары жүргізілді және бұл мәселе өз шешімін тапты. Сайрам ауданы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ақсу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының техникаларымен Құтарыс ауыл округі аумағында орналасқан Мұсабек, Қызылжар, Оймауыт каналдарының 15 шақырымын механикалық тазалау жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі таңда, аталған каналдардың 6 шақырымы тазаланып су өткізу қабілеті жақсарды. Бұл өз кезегінде егістіктерді ағын сумен толық қамтамасыз етуге өз септігін тигізеді.