Еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі 220 млн гектар болса, соның 187 млн гектары – мал жайылымдары. Жайылымдық жер ауылдағы мал ұстайтын ағайынның басты мәселесі. Агроөнеркәсіп кешені саласында жайылым жерлердің жетіспеушілігі өте көкейкесті мәселеге айналып отыр. Мәселен, Түркістан облысында 8 476,9 мың гектар жайылым жетіспейді деген ақпар бар. Дегенмен соңғы әлетте аталған мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Сауран ауданының әкімі жайылымдық жер мәселесін шешу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылғанын айтып отыр. Жалпы Сауран аудан бойынша жер көлемі – 721,7 мың гектар. 2022 жылы 48,5 мың гектар жерді елді мекенге ортақ жайылымға қайтару жоспарланған болса, нақты 51,3 мың гектар жер ортақ жайылымға қайтарылып, жоспар артығымен орындалған. 2023 жылға жоспар 29,5 мың гектар белгіленген. Осы ретте жұмысшы топпен зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жайылыммен қамтамасыз ету сызбалары әзірленді. Алдағы уақытта жайылым мәселесі толығымен шешілетінін айтты Ғалымжан Қарабайұлы. Жалпы ауданда мал шаруашылығымен айналысатындардың қатары қалың. Мал бордақылаумен, етті, сүтті бағытта мал өсіріп отырғандар жетерлік. Мемлекетті бағдарламалардың арқасында алдағы уақытта олардың қатары тағы да арта түседі деген жоспар бар.