Өзендер бастау алатын Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданы балық өсіруге өте қолайлы аймақ. Осы ретте, бүгін аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтің төрағалығымен аудан аумағында балық шаруашылығын дамыту бойынша жиын өтті. Жиынға балық шаруашылығын жүргізіп отырған және осы кәсіпті бастауға ниетті кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы мамандары қатысты. Аудан көлемінде соңғы 3-4 жылда балық шаруашылығымен айналысуға ниет білдірушілердің саны артып келеді. Осыдан 10 жылдан бұрын Арыс ауылдық округіне қарасты бірден-бір балық шаруашылығын дамытушы «First Fish Company» ЖШС-і ғана жұмыс жасап келсе, бүгінгі таңда аудан көлемінде 12 шаруашылық өзінің жеріндегі өзен, көлдер мен жасанды тоғандарына балық шабақтарын жіберіп, балық өсірумен айналысуда. Осы күнге дейін 28,5 га жер теліміндегі тоғандарға 3,5 млн. дана шабақтар жіберілген. Бас қосуда аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Керімқұлов аталған салада атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Кездесуде шаруалар көкейлерінде жүрген мәселелері мен ұсыныстарын ортаға салып, оны шешу жолдары талқыланды. Жиынды қорытындылаған Нұржан Жақсылықұлы балық өсірумен айналысатын субъектілер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Заң талаптарына сай барлық қолдаулар көрсетілетіндігін жеткізіп, мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан бағдарламаларды түсіндіріп өтті.