Түркістан облысы республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір болып саналады. Мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Облыста жыл сайын 120 мың гектар мақта егіліп, 300 мың тоннаға жуық шитті-мақта жиналады. Елде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, шикі мақтаны сату бағасы Ливерпуль мақта биржасындағы мақта талшығының индексіне тікелей тәуелді. Мақта бағасының тұрақсыздығы жыл сайын қайталанады. Елімізде мақта талшығын терең өңдеу бойынша тек 3 кәсіпорын бар, олардың үлесіне қайта өңделген мақта талшығының 18% — дан аспайды («AZALA TECHTILE» ЖШС, «AZALA СОТТОН» ЖШС, «АІІІАПСЕ» ЖШС (ЮТЕКС). Сондықтан біз көрші Өзбекстан мемлекетінің мақта-тоқыма кластерін дамытудағы оң тәжірибесін пайдалану керек. Өзбекстанда тоқыма және тігін өнеркәсібін мемлекеттік қолдау есебінен көптеген бәсекеге қабілетті кәсіпорындар (419 тоқыма және 1 293 тігін және трикотаж кәсіпорындары) ашылды. Бұл кластерлердегі иірілген жіптерді қайта өңдеу деңгейі 50%-ға жетті, 2023 жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 70% — ға дейін арттыру жоспарлануда. Бұл үшін мемлекет маталарды бояуға және аралас маталарды өндіруге арналған жабдықты сатып алуға 150 миллион доллар грант бөлуді жоспарлап отыр, ал өз өнімдерінің кем дегенде 80% экспорттайтын тоқыма кәсіпорындары қазіргі 12% орнына 1% мөлшерлемемен 3 жыл ішінде әлеуметтік салық төлейді. Сонымен қатар, оларда 3 жылға кейінге қалдырылған мүлік салығын төлеу мүмкіндігі бар. Үкімет тарапынан мақта-тоқыма кластерін құру мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдау қажет. Ол мақта шаруашылығын, оның ғылыми базасын, елдегі тоқыма және жеңіл өнеркәсіпті жүйелі дамытуды көздеуі тиіс. Осы бағдарлама шеңберінде мемлекеттік қолдаудың бірқатар шараларын, оның ішінде инвестициялық субсидиялауды (мақта өңдеу және тоқыма кәсіпорындарының қуаттарын салу / кеңейту кезіндегі шығындардың 50 % өтеу), көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін жылдық 2,5% мақта шаруашылықтарына кредит беру және дайын өнімді экспорттайтын кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер қарастыру кажет