Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев «Көктерек» су тазалау имаратының құрылысымен танысудан бастады. Аудан басшысы бұлақ басына арнайы барып, су сүзгілерін орнату барысына, құрылыс жұмыстарының орындалуына назар аударды. Мердігер мекеме басшысымен кездесіп, су сүзгісін орнату ісінің толық аяқталуын қадағалап, құрылыс жұмыстарының дер кезінде аяқталуын талап етті. Таулы өңірде орналасқанымен Төлеби ауданы аумағындағы ауыз су мәселесі бар екені жасырын емес. Сондықтан болар, аудан әкімінің халықпен кездесулерінде, жеке қабылдауларында ауыз су сапасына қатысты көптеген мәселелер көтеріліп келеді. Аудан басшысы аталған мәселені түбегейлі шешіп, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту бағытында бұлақтар көзін ашып, гидрологиялық зерттеулер жүргізу қажеттігін айтып, ауқымды істердің ұйытқысы болуда. Сондай-ақ, тозығы жеткен су құбырлары ауыстырылып, бұлақ көздерін қоршау жұмыстары да жүргізілуде. Бұған қоса, аудан аумағында қажеттігіне орай, жерасты су ресурстарына арнайы зерттеу жүргізілуде. Себебі, осыдан бірнеше жыл бұрын жасалған гидрогеологиялық карта сызбасы уақыт өте келе, дәл келмей отыр. Қазіргі кезде елді мекендерге су құбырын жүргізбес бұрын оның қандай тереңдіктен, қандай су шығатыны, оның мөлшері мен сапасын толығымен зерделеп болғаннан кейін құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы қарастырылуда. «Көктерек» су тазалау имаратының құрылысы жобада көрсетілген мерзіміне сәйкес жүргізілуде. Нысанның құрылысының сапасы аудан әкімі Төлеген Тұртайұлының өз бақылауында. Су сүзгі толық орнатылып, пайдалануға берілгенен кейін Ленгір қаласында ауыз су тапшылығы шешіліп, оның сапасы жақсарады деп күтілуде.