Күні кеше Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданы, Шұбар ауылдық округіндегі “Шұбар” ӨК егістік алқабында “Егістік алқаптарды тиімді пайдалану, агро химиялық өңдеулер жүргізу және өнімділігі мол тұқымдарды отырғызумен қатар су үнемдеу технологияларына көшу” тақырыбында аудандық семинар болып өтті. Семинарда ауылшаруашылық, оның ішінде егін шаруашылығы бағытында түрлі қызметтер көрсетіп жүрген фирмалардың өкілдері минералды, органикалық тыңайтқыштар, элиталы өнімділігі мол тұқым және ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесін ұйымдастырды. Жиында аудан әкімі Нурбек Бадыраков сөз сөйлеп, мәні мен маңызы зор семинарға қатысуға ниет білдірген агроқұрылым жетекшілеріне, шаруаларға алғысын білдірді. Қазіргі таңда жерден мол әрі сапалы өнім алу үшін түрлі органикалық, минералды тыңайтқыштар қолданысқа енгізіліп жатыр. Уақытты, адами ресурстарды көп қажет етпейтін, жердің ылғалдылығын ұзақ сақтауға мүмкіндік беретін көптеген техникалар пайда болуда. Өңіріміздегі бірқатар агроқұрылымдар аталған заманауи дүниелерді іс жүзінде пайдаланып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Мысалы, көрмеде Еуропада шығарылған дән себетін аппаратты көрдік. Бір өзі бес түрлі қызметті атқарады. Бір күнде 50 Га жерге дән себуге қауқарлы. Құрылғының бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Сонымен қатар, егістік алқапты дәрілейтін дронды көрдік. 6-7 минутта 1 Га алқапты дәрілеп үлгереді. Жалпы, осындай технологияларға бейімделу бүгінгі күннің талабы.