Түркістан облысы елді мекендерінің сапалы инфрақұрылыммен қамтылуына ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Бұрын-соңды болмаған бұл шара барысында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту саласы егжей-тегжейлі сараптамадан өтеді. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жауаптыларға жүктеледі. Бұл мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында талқыланды. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, басқарма тарапынан мониторинг жүргізу жөнінде хат «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «Казтрансгаз» АҚ ТӨФ, Су беруші мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға жолданған. Ауыз сумен қамтамасыз етілу барысына мониторингте аудан, қала, ауылдық округ, елді мекен атауы, халық саны, абонент саны, ауыз судың берілуі (кестемен берілудің себебі), судың сапасы толық көрсетіледі. Су беруші мекеме атауы, ауыз су жүйелерінің пайдалануға берілген жылы, су көзі, құбыр ұзындығы, полиэтилен немесе шойын, су жинағыш резервуар (саны, көлемі, м3), қондырғы қуаттылығы, суды тазартқыш қондырғылар, хлоратор, су тазарту станциясының салынған жылы, саны анықталмақ. Су ресурстарын дамыту мәселесі де басты назарда тұр. Сапалы табиғи газбен қамтылу барысына да солай мониторинг жасалмақ. Аудан, қала елді мекен атауы, халық саны, абонент саны, қамтылған және қамтылмаған абонент саны (қосылмау себебі), желінің ұзындығы, орнатылған газ желілерінің түрі, техникалық жағдайы, АГТС, газ желілерінің теңгерім ұстаушысы, желінің өткізу қабілеті, ГРПШ 6/10 саны көрсетіледі. Сондай-ақ елді мекеннің қосылу нүктесін анықталып, АГТС-тің қуаты, газ жүйелерінің пайдалануға берілген жылы да ұсынылады. Электр қуатынымен қамтамасыз ету бойынша аудан, қала, ауыл атауы, халық саны, абонент саны, елді мекеннің қосылу нүктесі (қосалқы станция, ЖТҚС, электр желісінің атауы), елді мекендегі барлық электр қондырғылары туралы ақпараттарды толықтыру (ЖТҚС саны және қуаты, 10-0,4 кВ электр желісінің жалпы ұзындығы), сапалы электр қуатымен қамтылмаған абонент санын анықтау көзделген. Нормативтік талапқа сәйкес емес қосылған абоненттер саны, орнатылған трансформатордың қуаты, электр желілерінің техникалық жағдайы бойынша мәлімет алынады. – Халықты сапалы ауыз сумен, жарық пен табиғи газбен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Тұрғындардың негізгі өтініштері де инфрақұрылымға қатысты болып тұр. Бұл саланы әрі қарай дамыта береміз. Облыстың инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Осы бағыттағы жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. Ауыз сумен қамтамасыз ету саласында атқарылатын жұмыстар да ауқымды. Биыл жалпы құны 51,5 млрд. теңгеге 66 нысан құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 46 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Қалған нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі. Нәтижесінде су құбыры мүлдем жоқ 18 елді мекен (Бәйдібек – 1, Сарыағаш –7, Келес – 4, Қазығұрт – 1, Ордабасы – 4, Отырар –1) ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 12 елді мекеннің (Жетісай – 1, Бәйдібек – 2, Қазығұрт –1, Төлеби – 4, Мақтаарал – 1, Ордабасы – 1, Түлкібас – 2) тозығы жеткен су жүйелері қайта жаңартылады. 2023 жылдың қорытындысымен 833 елді мекеннің 738 елді мекені ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі. 2023 жылы газбен жабдықтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында жалпы құны 60,3 млрд. теңге болатын 100 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 70 нысанның құрылысы аяқталады, қалған 30 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде биыл 56 елді мекеннің 145 мыңға жуық халқы табиғи газ пайдалануға мүмкіндік алады. Биыл халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жалпы құны – 47,2 млрд. теңге болатын 71 нысанның құрылысы жүргізілуде. 2023 жылы 40 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған, қалған 31 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде жыл соңына дейін 47 елді мекендегі 122,3 мың тұрғын сапалы жарықпен қамтылады.