Түркістан облысына қарасты Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов аудан орталығынан шалғай орналасқан Балтакөл, Маяқұм ауыл округтеріне арнайы барып тұрғындармен кездесті. Аймақ басшысының бұл жолғы кездесуі ресми орындарда емес ашық аспан аясында өрбіді. Аудан басшысы алдымен Балтакөл ауылындағы шаруалармен кездесіп, еңбек адамдарын толғандырған мәселелермен танысты. Елді мекендегі «Ауыл аманаты» жобасына қатысып 2,5 пайыздық несие алуға ниетті шаруалардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ауыл халқының негізгі кәсібі тары-талқан өндірісі. Осы бағытта«Алға БАМ» өндірістік кооперативінің төрағасы Сабыржан Досжанов шағын тары цехын ашып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер. «Биыл ғана іске асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы шаруаларға үлкен көмек болады» — дейді ол. Кездесу барысында шаруалар суармалы жер, ағын су және несие алу кезінде туындаған өзге де мәселелер бойынша сауалдарын қойып мамандар тарапынан тұщымды жауаптар алды. Мұнан соң аудан әкімі ауыл округіндегі көгалдандыру жұмыстарын аралап көрді. Биылғы жылы елді мекенде 2230 көшет егілген болса, оның 70-80 пайызы өнген. Бұдан бөлек Балтакөл ауылының кіре берісінен жергілікті ауыл жастарының демеушілігімен 3 гектар аумақ қоршалып, 1500 түп алма, алмұрт, өрік секілді жеміс ағаштары отырғызылған. Қазіргі таңда егілген көшеттер 100 пайыз тамырын тереңге жайып, күтіп-қарау жұмыстарын ұйымдастырудың арқасында нәтиже беріп отыр. Аудан әкімі одан әрі маяқұмдықтардың өтініші бойынша ауылдық аурухана ғимаратына барып емделушілермен кездесті. Ауыл тұрғындары Құдас Арынов пен Әшім Бекботаев бұған дейін тек күндізгі бөлімде ем қабылдайтын ауруханада жатып ем қабылдау мәселесін көтерді. Қос ардагердің өтініші назарға алынып, аудан басшысы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Еркін Нұрлыхановқа заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды. Кездесуде ауыл тұрғыны Мұрат Базарбаев елді мекендегі ауыз су жүйелерінің ескіргенін айтып, жүйелер жаңартылса деген ұсынысын жеткізді. Бұл мәселе бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, тиісті жұмыстар атқаруды сала мамандарына жүктеді. Аралау барысында қос ауыл округінде де тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады. Қабылдауда жайылымдық жерді суармалы жерге ауыстыру, суармалы жер алу, жұмыссыздық және өзге де мәселелер бойынша көкейде жүрген сауалдарына мамандар тарапынан тұщымды жауаптар алған тұрғындар ауыл аралап халықпен кездесіп жүрген аудан әкімінің жұмысына қанағаттанатынын айтып, ризашылығын білдірді.