Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақовтың төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Күн тәртібінде ауданда «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының іске асырылуы, жастарды жеңілдетілген несиелендірумен қамту және сыртқы көрнекі ақпарат құралдарының жай-күйінің мәселелері қаралды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған “Ауыл аманаты” жобасына қатысуға Шұбар және Бадам ауылдық округтері бойынша тиісті қаржылық институтына (“Ырыс” МҚҰ) 70-тен астам құжат өткізілген. Оның 18-і мақұлданған. Жоба ұсынғандардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы саласын таңдағандар болып отыр. Аудан әкімі қатысушылардың аз екенін айтып, жауапты мамандарға, ауыл округтердің әкімдеріне аталған жобаны кеңінен насихаттауды, ниет танытқандарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ қосымша енгізілген Қараспан және Бөржар ауылдық округтерінде тиісті жұмыстарды жандандыруды міндеттеді. Жастарды жеңілдетілген несиелеу (2,5%) бойынша 24 адамнан өтініш түскен болса, оның 8-і мақұлданған. Алайда, бұл бағыттағы жұмыстың тиісті деңгейде жүргізілмей жатқандығын сынға алған аудан басшысы ауыл округтердің, оның ішінде Бадам, Жеңіс, Бөген және Шұбар а/о әкімдеріне әр кемінде 10 жасты қатыстыруға бір апта мерзім беріп, нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, ерекше жобалары бар жастарға көп көңіл бөлу керектігін айтты. Ауданда көрнекі ақпарат құралдарының біразы тозған. Бірқатары баннер ілінбей бос тұр. Аудан әкімі аталған мәселе бойынша ішкі саясат бөлімі, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі мен ауыл әкімдеріне кемшіліктерді ретке келтіруді тапсырды.