Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Түркістан облысында макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі байқалып отыр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 209,4 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 106,3 пайызды құрады. Облыс экономикасына 97,2 млрд. теңге инвестиция бағытталды. Облыс әкімдігінде өткен жиында көрсеткіштерді сапалы орындау арқылы ішкі жалпы өнім мен кіріс көлемін арттыру жұмыстарын күшейту тапсырылды. Аймақ басшысы абаттандыру, санитарлық жұмыстарды жандандыру, «Ауыл аманаты» бағдарламасын сапалы жүзеге асыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, білім беру мен ауыл шаруашылығын дамыту және агрокешендерді дамыту мәселелері бойынша жауаптыларға тапсырмалар берді. Облыста бірінші тоқсанда құрылыс жұмыстарының көлемі 31,5 млрд. теңгені немесе өткен жылмен салыстырғанда 117,9 пайызды құрады. Пайдалануға берілген үйлердің ауданы 5,5 пайызға артып, 120 200 шаршы метрге жетті. Аудан мен қалалардың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын талдау мақсатында 15 көрсеткіш бойынша рейтингтік жүйе енгізіліп, меморандумға қол қойылды. 1 тоқсанның қорытындысы бойынша 14 көрсеткіш бойынша бағалау жүргізілді. 14 көрсеткіштің 10-ында жоспарланған межеге қол жеткізілді. Аудан, қала әкімдерінің рейтингі дайындалып, бақылауға алынды. 2023 жылдың 4 айлығында облыс бойынша жергілікті бюджеттің кірісі 37,7 млрд. теңгені құрап, жоспар 120,9 пайызға орындалып, өткен жылмен салыстырғанда 6,5 млрд. теңгеге дейін өсті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кіріс 5,0 млрд. теңгеге дейін өсті немесе өсу қарқыны 15,3 пайызды құрады.