Түркістан облысына қарасты сауран ауданының әкімі әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың есептік кездесуінен Майдантал халқы марқайып қайтты. Төрт айда атқарған жұмысына оң бағасын берді. Әрине түйіткілі шешілмеген мәселе де жоқ емес. Өкінішке орай тұрғындар айшылықтан жылдам хабар ала алмай отыр. Оған себеп байланыстың нашарлығы. Қосымша, интернетті ұлғайту мақсатында Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасына тиісті сұраныс жолданды. Ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімі тарапынан қатаң бақылауға алынды. Облыс пен аудан орталықтарына қатынайтын ауданішілік көлік ұйымдастырылса деген ұсыныс айтылды. Нәтижесінде Бабайқорған, Майдантал, Жібек жолы, Үшқайық ауылдық округтеріне ауданішілік маршруттарға конкурс жарияланып, «SarAvto» ЖШС-гі жеңімпаз ретінде анықталып, 1 шілдеден бастап жұмысын бастайды. Сонымен қатар тұрғындар, ️«Тұран су» мекемесінің меншігіндегі 10 жыл бұрын салынған лотоктың сапасы төмен оны ауыстыру туралы ұсыныстарын білдірді. Майдантал ауылдық округіндегі барлық арықтар мен лотоктар Майдантал ауылдық округінің теңгерімінде. Ауылдық округі әкімдігіне мемлекеттік актіні, техникалық төлқжат пен мемлекеттік қабылдау актісін жасақтау жөнінде тапсырма берілді. Құжаттар толық рәсімделгенен кейін, «Тұран Су» мекемесінің теңгеріміне өткізіліп, жөндеу жұмыстарына ұсыныс беріледі. Тағы бір шешімін тапқан мәселенің бірі қоқыс полигонын қоршау. Ағымдағы жылы Майдантал ауыл округінде қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын орынға қоршау жұмыстарына 12,7 млн.теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. 15 шілдеге дейін қоршау жұмыстары басталады. Ауылдағы қаңғыбас иттерден қауіп төніп тұр. Тұрғындарды алаңдатын тағы бір мәселе осы. Майдантал ауылдық округінде жыл басынан бері тұрғындардың өтініші бойынша 41 бас ит ауланып жойылды. Алдағы уақытта тұрғындардан өтініш түскен жағдайда ит мысықтарды аулау жұмыстары «Ветеринариялық қызмет» МКК тарапынан тиісті жұмыстарды жүргізетін болады. Ауданда мал шаруашылығымен айналысатындар көп. Сондықтан да олар жайылым жер мәселесін көтерді. Жайылымдық жерді ұлғайту, электр бағаналарын ауыстыру, жол салу, ауыз сумен қамту, ағын судың көлемін көбейту. Тізе берсең қордаланған мәселе тізбектеліп кете береді. Бір мәселені шешу үшін уақыт пен қаржы қажет. Ал уақыт заңға тәуелді. Кездесу жиынында тегін дәрімен қамтамасыз етіліп, жедел жәрдем уақытысында келсе деген ұсыныс айтылды. Бұл жөнінде облыстық қоғамдық денсаулық басқармасына сұраныс жасалды. Әкімнің нәтижелі еңбек етуі халықтың қолдауына байланысты деді тұрғындар. Ауыл ақсақалдары бата беріп, елдің тыныштығын сақтауға шақырды. Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев халық өтінішін екшеп, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Межелі мерзімді белгіледі.