Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында ел Үкіметі «Amanat» партиясымен бірлесіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске қосқан болатын. Соның негізінде Түркістан облысында 4 мыңға жуық адам несиеге қол жеткізбек. Бағдарлама кәсібін дөңгелетем деген ауылдықтар үшін таптырмас бастама болып тұр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов мәлімдеді. Нұрбол Қарабайұлының айтуынша, пилоттық жоба шеңберінде 16 ауданнан 32 ауылдық округ анықталып, скрининг жұмыстары мен түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бұл туралы «Оңтүстік» телеарнасы хабарлайды. «Ауыл аманаты»бағдарламансын жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 миллиард теңгеге жуық қаражат жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 11 миллиард теңгесі бөлініпті. Осының есебінен 2 200 шағын несеи беріліп, соның негізінде 2 332 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Қосымша 8,7 миллиард теңге республикалық бюджеттен бөлінеді. Жалпы 4 мыңға жуық адам аталмыш қаржыға қол жеткізбек.Түркістан облысында аталған бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталып кеткен. Түркістан ӘКК АҚ-ның қаржы және «Ауыл аманаты» бағдарламасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры Нұрлыбек Исаевтың айтуынша, бүгінде бағдарламаны іске асыру барысында 3 млрд теңге құрайтын 344 жобаға өтініш түскен. Нұрлыбек Исаев -Түркістан ӘКК АҚ-ның қаржы және «Ауыл аманаты» бағдарламасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры — «Бағдарламада бекітілген бағыттар аясында биылғы 17 сәуірден бастап құжаттар қабылданып жатыр. Оның ішінде уәкілетті органмен 1,4 млрд теңге құрайтын 270 жоба қаралып, жалпы соммасы 1,04 млрд теңгені құрайтын 225 жоба мақұлданды. Атап айтсам, Созақта — 22, Кентауда — 9, Отырарда — 5, Түлкібаста — 15, Сайрамда — 6, Келесте — 32, Сарыағашта — 7, Төлебиде — 20, Қазығұртта — 27, Шардарада — 2, Арыста — 18, Бәйдібекте — 10, Ордабасыда — 26, Сауранда — 3, Жетісайда — 12, Мақтаралда 11 жоба бар. Аталған қаражаттар есебінен алдағы уақытта қосымша тағы екі ауыл округін қамту жоспарланған». Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі–5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін. Сондай-ақ спикер бұл бағдарлама негізінен ауыл шарушылығын өркендетуге басымдық беретінін және несие алу үшін тұрғындар ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажеттігін жеткізді. Нұрлыбек Исаев -Түркістан ӘКК АҚ-ның қаржы және «Ауыл аманаты» бағдарламасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры — «Ауыл әкімдіктері тұрғындар несие алғанша толық сүйемелдеу жүргізеді. Несие алушылар – ауылдық елдімекен тұрғындары және зейнет жасынан аспауы тиіс. Кәсіпті ашуға оқыту жұмыстары тегін жүргізіледі. Әрі несиесін толық жауып, кәсібін дамытатын болса, жеңілдетілген несиеге қайта қол жеткізуге болады». Брифингте сөз алған «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев аталған қаржы ұйымының мамандары әрбір ауыл округке бекітіліп, құжаттарды қабылдап жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол Сарыағаш, Келес, Созақ, Қазығұрт, Ордабасы аудандарынан құжаттар көбірек тапсырылып жатқандығын тілге тиек етті. Еске сала кетсек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар.