Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркия елінен келген инвесторлармен кездесті. Işiklar Holding холдингі жаңа жобаға 12 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы құюға дайын. Зауыт «TURKISTAN» АЭА аумағында жүзеге асады. Шетелдік компания құрғақ құрылыс қоспаларына арналған қаптамалар өндіретін зауыт ашуды жоспарлауда. Құрғақ құрылыс қоспаларына арналған қаптамалар өндіс орнының іске асырылу мерзімі — 2023-2024 жыл. 1 кезеңде 50-ден астам жұмыс орындары ашылады. Кездесу барысында тараптар жобаны жан-жақты талқылап, ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткеніндей, білім сапасын арттыру, ауыл шаруашылығын дамытып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістік бағыттарын құруға ерекше назар аударуда екенін атап өтті. Тараптар инфрақұрылым мен химия өнеркәсібі салаларын дамытуға қатысты жобаларды да талқылады. Облыс басшысы Түркістан өңірінде жүзеге асып жатқан ауқымды жобаларға тоқталды. — Түркістан облысы жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін өте ыңғайлы инвестициялық алаң. Біздің елдеріміз арасындағы әріптестік қарым-қатынастардың берік негізі және ұзақ мерзімді перспективасы бар. Соңғы жылдары көптеген салаларда қазақ-түрік қарым-қатынастарының дамуында жоғары серпін байқалады. Түркістан аймағын дамыту үшін қазақ-түрік ынтымақтастығы ерекше маңызды екенін атап өткім келеді. Бүгінде облыста түрік капиталының қатысуымен құрылыс, сауда, өңдеу және басқа да салаларда 51 кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар, түрік инвесторларының қатысуымен облысымызда бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. Жобаның өңірімізде жүзеге асуына қызығушылық танытқаныңыз үшін алғысымды білдіремін. Біз өз тарапымыздан жан-жақты қолдау ұсынуға дайынбыз. Бүгінгі ұсынып отырған жобаңыздың өзектілігі ерекше. Түркістан қаласы бүгінде үлкен құрылыс алаңына айналды. Алдағы 5 жылда 4,4 млн шаршы метр тұрғын үй енгізу жоспарлануда. Түркістан қаласында халық санының өсу болжамдарын ескере отырып, тұрғын үй нысандарын салу мен жаңғыртудың ауқымды жоспары әзірленді. Бұл саланың серпінді дамуына, атап айтқанда, құрылыс материалдарын және басқа да ілеспе өнімдерді өндіруге, соның ішінде құрылыс қоспаларына арналған қаптамаларды өндіруге ынталандыру болып табылады. Оның үстіне «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы қызметінің басым бағыттарының бірі құрылыс материалдарын өндіру болып табылады және осы саладағы жобаларды жүзеге асыру сіздің компанияңызды жергілікті нарықпен қамтамасыз етеді. Біз сіздің жобаңыздың сәтті жүзеге асуына мүдделіміз және қолдан келген көмекті көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды. Өз кезегінде түрік инвесторы Түркістан өңірі мен облыс орталығының экономикалық даму бағытын жоғары бағалап, бірқатар жобаларға қызығушылық танытты. Түркия холдингінің бағыты бұдан басқа да бірнеше желіні қамтиды. «Işıklar Holding» 1974 жылы химия, агроөнеркәсіп, энергетика және экономиканың басқа да салаларында өз қызметін жүргізетін компаниялар тобы ретінде құрылған. Сондай-ақ, бүгінгі күні компанияның Болгарияда ауданы 11000 га аңшылық алқабы бар, оның өндірістік қуаты 6 МВт болатын Түркия аумағында екі орналастыру нысаны және ГЭС бар. Анықтама: холдинг кәсіпорындарының жалпы қуаты жылына 380 миллионнан астам қағаз қап шығаруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Холдингтің барлық өнімдерінің 42% — ы 50-ден астам елге экспортталады. Сонымен қатар, компанияда тоқыма бұйымдарын өндіру бар, оны Түркістан облысындағы одан әрі кезеңдер үшін де қарастыруға болады.