Түркістан облысына қарасты Кентау қаласындағы Қарнақ ауылында «Балық демалыс орталығы» іске қосылды. Кәсіпкер Құрбан Казиханов 2015 жылдан бері бұл кәсіп түрін қолға алған. Алғашқы да кішігірім жасанды көл жасап, оған тұқым шашып, өнімін алады. Кәсіптің берекесін сезінген ол, ұлғайтуды қолға алып, есік алдын кеңейте бастайды. «Балық шаруашылығын бір сиыр бұзауымен сатып, сол ақшаға 25 кг тұқым алып, кәсіптің көзін бастағанмын. Бүгінде міне, кәсібім кеңге өрбіп, отбасылық ісімізге айналды» дейді кәсіпкер. Бүгін де шаруашылығының маңайын демалыс орталыққа айналдырып, ел тынығатын аймаққа жеткізуді мақсат етуде. Бұл аймақтан төрт түрлі балықты кез-келген демалушы өзі аулап, аулаған балығын сол жерде дайындатып, тамақтана алады. Тіпті, отбасымен барғандарға арнайы орындар мен шомылуға арналған бассейін орнатуда. 15 мыңнан аса тұрғыны бар Қарнақ ауылында бұл демалыс аймаққа қәзірдің өзінде келушілер көп. Кәсіпкер онға жуық ауыл тұрғынын жұмыспен қамтуда. Алдағы уақытта мемлекеттен несие алып, кәсібін жаңа қажеттіліктермен толықтыруды жоспарлап отыр.