Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында өндіріс орындарының өндірген өнім көлемі артып келеді. 9 айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,9 пайызға артып, 574,2 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда біршама артқаны байқалады. Демек өңірде өндіріс өркендеп келеді деп айтуға толық негіз бар. Өнім көлемінің өсуі негізінен азық-түлік, мұнай, металлургия салаларында басым. Мәселен, 104,5 пайызы тамақ, 117,5 пайызы мұнай өңдеу болса, 127,3 пайызы фармацевтикалық, ал 115,4 пайызы өзге металл емес минералды өнімдер мен 107,4 пайызы металлургия өндірісінде өсу, өркендеу бар. Өңірімізде ауыл шаруашылығы қатты дамығандықтан бұл салада да ілгерілеушілік басым. Жалпы осы салада өнім көлемі 319,6 млрд. теңгені құрап отыр. Оның ішінде мал шаруашылығында – 150,3 млрд. тг, егін шаруашылығында — 168,6 млрд. тг. өнімі өндірілді. Өңірдегі құрылыс саласы да қарқынды даму үстінде. Жыл басынан бері құрылыс жұмыстарының көлемі 125,3 млрд. теңгені құрап, 385,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал 9 айда негізгі қорға 240,8 млрд. теңге инвестиция бағытталған. Өңірімізде 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Осы бағдарламаға сәйкес алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүйелі жұмыстар атқарылмақ.
Динар Бекасыл