Түркістан облысына қарасты Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың халықпен кездесуі Қарғалы, Темір ауыл округтерінде жалғасын тапты. Алдымен Қарғалы ауылындағы егістік алқапта болып, бидай егуді қолға алған шаруалардың жұмысымен танысты. Жалпы биыл отырарлық дихандар жаз айларында су тапшылығының салдарынан бос жатқан 160 га алқапқа түрен салып, күзгі бидай еккен болатын. Күз және көктемгі мезгілде мол ағын суды тиімді пайдаланған «Біржан-2» ЖШС, «Ақсақал», «Сағындық-М», «Әшірбай» шаруа қожалықтары аңқасы кепкен даланы жасыл желекке бөлеп, мол өнім алуды көздеп отыр. Аралау барысында аудан басшысы тың тәжірибені аудандағы өзге ауыл округтерінің дихандары да қолға алу керектігін айтып, бұл жоба аймақтағы су тапшылығын жоюдың ең тиімді әдісі болатынын атап өтті. Мұнан соң ауыл округіндегі көне тұрмыстық заттар мен тарихи жәдігерлерді жинап кішігірім музей үйін жасаған Жұмахан Әбдіқадіровпен кездесіп, тарихты сөйлеткен құнды заттарды сақтау мәселелерін талқылады. Кездесуде ауыл тұрғыны жинақтаған жұмыстарын сақтап қалу мақсатында аталған жәдігерлер мемлекет бақылауына алынып, жай берілсе деген ұсынысын жеткізді. Аудан басшысы аталған мәселені саралай келе алдағы уақытта өлкетану ғылыми орталығын ұйымдастырып, жауапты мамандармен кеңесе отырып осы орталықтан жай беру жағдайын қарастыратынын айтты. Одан әрі ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесуде ауыл қариялары Базарбай Дайрабаев, Нұрқұл Ердемқұл, Есенбай Шынтерековтер ескірген ауыл округі әкімшілігінің ғимаратын жөндеу, Отырар елді мекенінің ауыз жүйелерін жаңарту, көрші ауылдардың малдарының егістік танаптар жиі түсуін тоқтату секілді бірқатар мәселелерді көктерді. Аудан әкімі айтылған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тапсырмалар беріп,аталған жұмыстардың орындалуын өз бақылауына алатынын ескертті. «Ауылына қарап азаматын таны» деп дана халқымыз атап өткендей ауылдағы іргелі істерге себепші болып жүрген азаматтың бірі Темір ауылының тұрғыны Божаев Дүйсенбек. Ауыл халқын ынтымақ-бірлікке шақырып, жастарды туған еліне, туған жеріне қызмет етуге үндеп жүрген өнегелі қария өз демеушілігімен балаларға арналған ойын алаңшасын салып беруде. Бүгін аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ауыл халқымен кездесу барысында аталған ойын алаңшасының құрылысын көріп, балалардың қуанышын еселеп, ауылдағы салауатты өмір салтын насихаттауға, ауылды көркейтуге атсалысқан азаматтарға шынайы алғысын жеткізді. Темір ауыл округі тұрғындары үшін жағымды жаңалықтың бірі көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізуі еді. Ағымдағы жылы газдандыру жұмыстары аяқталып, ауыл халқы толық газға қосылады деген жоспар бар. Ауыл округіндегі газдандыру жұмыстарының құрылысы барысымен танысқан аудан әкімі мердігерлерге жұмыс сапасының маңыздылығын ескертіп, ауыл әкіміне тұрғын үйлерге кіретін ішкі жүйелерді қосу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында ауыл қариялары Өксікбай Мырзабай, Амантай Төрехан, Бекетау Жүсіптер ұсыныс-пікірлерін айтып, малдарға қашырым пунктін салу, ауыз судың тұрақты берілуін қамтамасыз ету, тұрғын үйлерге қойылған газ өлшеуіш құрылғыларының жарамдық мерзімінің өтуі секілді мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Аталған мәселелер туралы жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеп, тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді. Екі ауыл округіндегі кездесулерден соң аудан басшысы Сәкен Асылханұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады. Қабылдауға келген азаматтардың жайылымдық жер, ауыз су, жұмыссыздық секілді мәселелер бойынша айтқан өтініштеріне заң аясында жауап берді.