Түркістан өңірлік инвестициялық штабының кезекті отырысында бірнеше жаңа жоба талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында кәсіпкерлер тарапынан инвестициялық жобалар ұсынылды. Оларды жүзеге асыру және мемлекеттік қолдау көрсету мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ontustiktv.kz. «Бес Қара» ЖШС Сарыағаш ауданында 4 ірі жобаны жүзеге асыруға ниетті. Құс етін дайындау және сою бекеті жобасының құны – 700 млн. теңгені құрайды. 25 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда жаңа құрылғыларды сынақтан өткізіп жатыр. Ал ірі қара мал үшін бордақылау алаңын 2500 басқа кеңейту жобасы биыл күзде жүзеге аспақ. Жоба бойынша жер анықталып, құрылысы басталған. Аталған инвестор мұнымен тоқтамай, 20 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңын да салмақ. Жоба құны – 500 млн. теңге. Жоба 2024 жылға қарай жүзеге асады. Сонымен бірге «Бес Қара» ЖШС арнайы мал сою бекетін ашып, етті шетелге экспорттамақ. Сондай-ақ, Инвест штаб отырысында Өзбекстанның «GLOBAL TEXTILE» компаниясының басшылығының да ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Өңір басшысы жобаны жылдамырақ жүзеге асыру қажет екенін жеткізді. Биыл Мақтаарал ауданында «Global Textile Turkistan» ЖШС кеңсесінің ресми ашылуы жоспарлануда. Қазіргі таңда Мақтаарал ауданының фермерлерімен 15 гектарға «Наманган-77» шитін егу туралы келісімге қол жеткізген. Ал «Ет Агро Манкент» компаниясы Сайрам ауданынан 5000 басқа арналған бордақылау алаңын, етті терең өңдеу кешенін, сою бекетін салмақ. Жобаның құны – 6 000 млн. теңге. Сондай-ақ, 100 жұмысорныашылмақ. Жер, несие және газбен қамту мәселесі бар. Бұл мәселелер бақылауға алынды. Инвестициялық штаб отырысында өңірдегі 9 индустриалды аймақтың жай-күйі сарапталып, мәселелері тыңдалды. Облыстағы арнайы экономикалық аймақты кеңейту және инфрақұрылым желісін жақсарту құрылысының жағдайы сарапталды. Сондай-ақ «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы сүйемелдеуіндегі жобалардың жағдайы мәлімделді. Осы салаларға жауапты басшылардың есептері тыңдалып, кемшіліктер екшелді. Кентау қаласының әкімі Ж.Тасовтың инвестициялық жобалар іске бойынша мәліметтері де талқыланды.Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Н.Мырзахметов Инвестициялық штабта берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы туралы есеп берді. Инвестициялық штаб отырысында ұсынылған жобалар мен тапсырмалардың орындалуы бойынша әр аптада есеп беріліп тұрады. Хаттамалық тапсырмалардың орындалуы облыс әкімінің тікелей қадағалауында.