Бүгін Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданындағы Қарасу ауылдық округіне қарасты 160 гектарды құрайтын жаңақұрылыс аумағының тұрғындары ауыз су мәселесін көтерген болатын. Ауыз су жүйесін өз есебінен тартқан тұрғындар бюджеттен қаржы қарастырып, тұрақты қамтуды сұранды. «HAN-TV» телеарнасының тілшісі Б.Дәуренбеков жергілікті тұрғындардың шақыртуымен келіп, аталған аумақта алдағы уақытта инженерлік- коммуникациялық жүйелердің шешімі табылатынымен танысты. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің орынбасары Д.Байсейітов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің орынбасары Н.Әбілдаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы С.Реметов, «Сайрам тазалық» ЖШС-нің директоры Қ.Бегалиев, Қарасу ауылдық округінің әкімі Д.Сыдықов және орынбасары Е.Мусантаевтар қарасулықтардың талап-өтініштерін тыңдап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Айта кетелік, Қарасу ауылындағы, Жаңақұрылыс көшесінің бойында 50,0 (сумен қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау) және 56,2 га (сумен қамтамасыз ету, электр және газбен жабдықтау) аумақтарына инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылыстарына республикалық бюджеттен қаржылар қаралып, облыстық салалық басқарма тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілген. Бүгінгі таңда мердігер мекеме «Гранд-Мастер» ЖШС-і анықталып, ағымдағы жылдың маусым айынан бастап ауыз су құрылыстары жүргізілетін болады.