Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында өңірдің өркендеуіне үлес қосып отырған өнеркәсіп орындарының қатары артып келеді. «Gold» маркалы алюмин профильдерін шығаратын «Gold Aluminum» ЖШС-і қазіргі таңда облыс қазынасын қомақтыландыруға молынан үлес қосып отырған ірі кәсіпорындардың бірі. Өндірген өнімінің сұранысы аса жоғары өндіріс орнының жылдық қуаттылығы 6 мың тонна. Аталған зауытта өндірілетін өнімдердің 20 пайызы Ресей мен Қырғызстанға экспортталады. Мұнда 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын әлеуметтің әлеуетін көтеруді де назардан тыс қалдырған емес. Компанияның өнімдері нарықта ең төмен бағамен ұсынылады. Сондай-ақ Бадам елді мекеніндегі аумағы 200 гектардан асатын «Бадам» қазақ-түрік индустриалды аймағында бүгінде ілкімді жобалар жүзеге асырылуда. Келешекте мұнда тракторлар мен экскаваторлар, құрылысқа қажетті заттар мен лифт, бау-бақшаға арналған арбалар, доңғалақтар, сонымен бірге, кеңсе және үй жиһаздарын шығаратын 17 жоба бойынша өнеркәсіп орындары жұмысын бастамақ. Әрине мұндай ірі жобалар болашақта мол салық төлеуімен қатар жұмыссыздықты азайтуға сеп болып ауыл адамдарының әлеуетін арттыруға мол үлес қосатын болады. Өңірдегі ірі өнеркәсіп орындарының тағы бірі – ауыл шаруашылығы техникалары мен тракторлар шығаратын «Kaz Kioti» зауыты. Мұнда жылына 1600 дана техника шығарылады. Кәсіпорында 300 адам жұмыс істейді. Өткен жылы ғана іске қосылған зауыт осы уақытқа дейін 167 трактор жасап шығарған. Экономикалық көрсеткішке керемет үлес қосып жатқан осындай өндіріс орындарының көбейіп келе жатқаны қуантады.