Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі өндіріс орындарын аралаған болатын. Облыс басшысы ат басын бұрған серіктестіктің бірі «Бөрте Милка» тауарлы сүт фермасы болды. Жыл басында ашылған «Бөрте Милка» сүт тауарлы фермасы бүгінде қарқынды даму үстінде. Асыл тұқымды «Гольштейн» тұқымының сүтті мол беретіні белгілі. Мұнда бүгінгі күні 272 бас сауын сиыр бар. Фермада күніне 30 литрге дейін сүт сауылады. Алдағы уақытта фермада жылына 6-7 мың литр ағарған алу жоспарланып отыр. Зеңгі баба тұқымының басын көбейту де жоспардың басқы талаптарының бірі. Осы мақсатта жақын арада тағы да 200-ден астам ірі қара әкелу жоспарлануда. Малдың қоңды болып, сүттің молынан болуы үшін жем-шөп мәселесі де оңтайлы шешілген. Сүт тауарлы ферманың барлық жабдықтары швейцариялық құрылғылармен қамтамасыз етілген. Бұл ферма жұмысшыларының жұмысын жеңілдетері сөзсіз. Бұдан кейін облыс әкімі 112 гектар болатын сауда-логистикалық орталығында болды. Бұл орталықта шаршы метрі 242,5 мың құрайтын 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Мұнда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» халықаралық автодәлізіне қосатын жол, темір жол тұйығы, қуаттылығы 10 МВт болатын электр стансасы, орталықтандырылған газ және су құбырларының құрылыстары жүргізілген. Заманауи кешендегі салынып жатқан құрылыстардың жұмысымен танысқан аймақ басшысы сауда-логистикалық орталығы ауыл шаруашылығына бейімделген Оңтүстік өңірінің экономикасына оң ыпқалын тигізіп, облыс өнімін дүниежүзілік нарыққа шығаруға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.