Бекітілген әлеуметтік қауіп ошақтары картасының орындалуы бойынша Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен мекеме аралық жиынға аудан прокуроры Айдархан Жүнісбеков пен аудандық полиция бөлімінің басшысы Әділбек Сапарбеков, қала, кент, барлық ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары қатысты. Биылғы жылдың наурыз айында бекітілген аудан аумағындағы әлеуметтік қауіп ошақтарының картасы мекеме аралық жоспарының орындалуы талқыланып, жауапты сала мамандарының баяндамасы тыңдалды. Күн тәртібінде бекітілген мәселе бойынша баяндама жасаған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов ауданның экологиялық жағдайы, Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Абай және Үтіртөбе ауылдары, Ш.Ділдәбеков пен Қазыбек би ауылдық округтеріндегі ауыз су тапшылығы мен ащы су мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. Қолбайлау болып отырған бірқатар мәселелердің шешілу жолдарын талқылап, сұрақтарға жауап берді. Ал, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Нұртас Тұрсынбеков аудандағы ағын су, «Gasagro.kz» платформасы, минералды тыңайтқыштар мен жанар жағар май, мақта саласының бірқатар өзекті мәселелері жайында баяндама жасады. Сондай-ақ, басқосуда аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің маманы Қанжар Досаев су, өрт пен табиғи апаттардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Әлеуметтік қауіп ошақтарының картасындағы өзекті мәселелерді шешу бағытында тиісті жұмыстар жүргізу мен қатысушылар тарапынан айтылған жағдаяттарды қорытындылап, әлеуметтік қауіп ошақтарының картасын жаңартуды тапсырған аудан басшысы орындалуын өз бақылауында ұстайтынын айтты.