Келес ауданында Түркістан облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен«Open Library-2023» эстафетасы өтті. Шараны Келес ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Сариев ашып беріп, кітапханадағы ашық есік күнінің мақсаты мен маңызына тоқталды. – Халықты кітап оқуға шақырудың жаңа әдістерін ұсыну, кітапханаларға оқырман тарту және басқа облыстар мен қалалық, аудандық кітапханашылар арасында әріптестік байланысты нығайтуды, өлкеден шыққан қаламгерлерді көпшілікке таныта отырып жігерлендіруді мақсат еткен эстафетаның кітапты насихаттау, оқырманмен байланысты нығайту, кітапханашылардың шығармашылық жетістіктерін айқындауға да зор үлесін қосары анық, – деді аудан әкімінің орынбасары. Келеске келіп жеткен эстафетаға «Аманат» партиясының Келес аудандық өкілі Ахмет Жұмабеков, облыстық кітапхана директоры Жанат Шардарбекова, бөлім меңгерушісі Гүлмайра Нысанова және Келес аудандық кітапханашылар қатысты. Шара барысында Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасымен ZOOM платформасы арқылы тікелей телекөпірге шықты. Сонымен қатар түрлі кітап көрмелері жасақталып, қонақтардың назарына ұсынылды. Аталған шара мақсаты – халықты кітап оқуға шақырудың жаңа әдістерін ұсыну, кітапханаларға оқырман тарту және басқа облыстар мен қалалық, аудандық кітапханашылар арасында әріптестік байланысты нығайтуды, өлкеден шыққан қаламгерлерді көпшілікке таныта отырып жігерлендіру. Кезекті эстафетаны Келес аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Сарыағаш ауданына жолдады.