Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы «Атабұлақ» спорттық туристік нысаны жанынан жазғы спорттық трамплин құрылысы биыл мамыр айында басталған болатын. Еркін стильдегі спорт түрінің трамплині республика бойынша 6 облыста ғана бар. Аудандар арасында алғаш рет Түлкібастың Пістелі елдімекенінде салынып жатыр. Бүгінгі таңда аталған нысанда 18 адамға шақталған қонақ үй мен 60 спортшыға арналған спортшылар үйі, фитнес зал, монша, асхана жұмыс істеп тұр. Мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның жалпы құны – 586 млн.теңге. Аталған нысанға аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов арнайы барып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Өз қаржысы есебінен нысанды соғып жатқан кәсіпкер аудан әкімінен құжаттарын рәсімдеуге қатысты көмек беруін сұранды. Аудан басшысы кәсіпкерге заң аясында барлық қолдауларды көрсететуге дайын екенін жеткізіп, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. – Жалпы бұл спорт түрімен аудан жастары әлі таныс емес. Өйткені біздің өңірде қар жату мерзімі қысқа болғандықтан, шұғылданатындар қатары да, қызығатындар қатары да сирек. Көктемде спортшыларға арнап үлкен спорт зал салынды. Онда барлық құрал-жабдықтар қойылған. Жазғы трамплинге қызығушы жастар болса мамандандырылған мектептегі спортшыларды және ауыл жастарын шақырып арнайы жиындар өткізуге мүмкіндік береміз, – деді кәсіпкер Тимур Нарымбетов. Айта кетейік, аудан аумағында инвесторлар тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда.