Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданында тіл саясатын дамыту бағытында біршама іс шаралар өткізілуде. Күні кеше «Төрт тоқсан — төрт өнер» — мәдени ағартушылық жоба аясында ауданға қарасты Боралдай ауылы, С.Ерубаев атындағы жалпы орта мектебінің акт залында (білім беретін мектептер арасында) жас ақындардың «Тілім –тұмарым!» тақырыбында аудандық айтыс — байқауы өтті. Байқауды ұйымдастырудағы мақсатымыз — ұлттық рух пен патриотизмді, өз халқының дәстүріне деген құрмет сезімін тәрбиелеу, эмоционалды интеллекті қалыптастыру. Айтысты қазақ халқының ұлттық құндылығы, шешендік өнердің баға жетпес мұрасы ретінде дәріптеу арқылы дарынды шығармашыл жастарды анықтау болатын. Байқаудағы ақындар айтысының тағы да бір міндеті – балалар мен жастардың қазақ халқының музыкалық мәдениетіне деген қызығушылығын ояту, орындаушылық және вокалдық дағдыларды қалыптастыру, қазақ тілінің рөлін арттыру, халықтар достығы мен бірлігін дәріптеу еді. Байқауда жас ақындар қәзіргі айтыс түрімен шаршы топ алдында сөзге сөз табу, ұтымды жауап беру, сөзге жүйріктілікті, білгірлікті, тапқырлықты, елдің шежіресін, тарихын жырға қосып айтыса білді. Ауданымыздан шыққан Ақмарал Леубаева, Біржан Байтуов пен Қажымұхан Абзалұлы сынды апа-ағаларының ізін жалғаушы. Жас ақындардың айтыс — байқауында бас жүлдені Қайнар жалпы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Дінмұхаммед Төленбек иеленсе, Есіркеп батыр атын-дағы мектептен шыққан Қанат Қосыбай жүлделі 1-орынды, С.Ерубаев атындағы мектептің жас ақыны Елнұр Қыдырәлі мен Есіркеп батыр атындағы мектептің ақыны Руслан Шаймахан жүлделі 2-орынды, Қ.Сәтбаев атындағы мектептің оқушысы Аман Иса мен Абай мектебінің оқушысы Айдос Жайықбай жүлделі 3-орынды иеленді. Таңатар Қазақбаев және Қарсыбай Сыпатаев мектебінің жас ақындары «Алғыс хатпен» марапатталды. «Қазақ халқы бар жерде, айтыс өнері өлмейді», — деп айтыс жанашыры Жүрсін Ерман ағамыз айтқандай Бәйдібек ауданының намысын қорғайтын жас ақындарға әрқашанда сенім білдіреміз! Ғайша РАЙЫМБЕК, аудандық білім бөлімінің әдіскері.