«Асқақтады ән мен күй»
Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымының «Асқақтасын ән мен күй» атты жылдық есеп беру кеші өтті жуырда. Ұлттық өнердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген өнерпаздар жаңарған, жасарған құраммен бағындырған биік белестерін көрерменге паш етті. Әсіресе ұлттық аспапта орындаушылар, «Қазына» би ансамблінің бишілері, жалпы ұжым құрамының сахналық киімдері көз тартарлық әсем-ақ. Аса ыждағаттылықпен дайындалғандары көрініп-ақ тұр. Тамсандырғаны концертті жанды дауыста өткізгендіктері еді. Төккен тер мен еткен еңбек ақталды. Көрермен ыстық ықыластарын, құрмет пен қошеметін аямады. Аккардеонын асынып композициялық туындыларын тыңдарманға тарту еткен Махмуд Үрімбаевтың өнеріне асқан ризашылық білдірушілер басым болды. «Қазына», «Тұмар» би ансамбльдерінің паш еткен би қойылымдары да асқан ыждағаттылықпен, би ырғақтары заңдылықтары сақталына отырып керемет қойылған. Ұлттық ырғақпен әрленген кеш барысында әлемдік классикалық туындылар да тыс қалған жоқ. Бұл жолы ретро әндерге басымдық берілген сыңайлы. Болашақта филармония ұжымына репертуарларын жаңартса деген тілек те жоқ емес. Әсем ән де, күмбірленген күй де, мың бұралған би де орындалған кеш көрерменге керемет көңіл күй сыйлады. Алдағы уақытта да ұжымның еткен еңбегі еленері хақ. Осыдан оншақты жыл бұрын филормония ұжымының концертін тамашалағанымыз бар. Ол кезде өз отаулары Қазыбек би көшесіндегі ғимарат өте ескі, жылдап жөндеу көрмеген, суық болатын. Сахналық костюмдері жаңартылмаған, одан басқа да көңіл қабаржытатын жәйттері көп-тін. Бүгінде шүкір ғимарат күрделі жөндеуден өткен, ішкі сыртқы әрленуі жұтынып тұр. Ұжымның сахналық киімдері толықтай жаңадан тіктірілген. Ұлттық нақышта әрленген киімдер көз тартарлықтай әсем-ақ. Қазақы ою-өрнектері орны-орнымен қолданылған, түс үйлесімдіктері де керемет. Жүргізушілерден бастап, әнші, биші, күйшілердің костюмдері шебер қолдан шыққандығын айғақтап тұрғандай. Мұның бәріне қазына қаржысына алақан жаймай-ақ өздері қол жеткізген. Әрине, төккен тер мен еткен еңбектің арқасында. Талай таланттың тұсауын кесіп, өнер әлеміне қанат қақтырған өнер ұжымы алдағы уақытта да ізденістерін ілгерілете бермек. Бастысы талантты жазбай танып, томағасын сыпырып, қатарларына қосу. Бұрыннан да қызмет етіп келе жатқан аға буын өкілдері жас дарындарды дайындауда еңбектері ересен. Ғасырлар қойнауынан бүгінге жалғасып келе жатқан ән мен жыр жауһарларын жаңғыртып жалпақ жұртқа әуезі мен мақамын бұзбай жеткізіп жүрген өнер ұжымына көпшілік көрерменнің алғысы шексіз. Алдағы уақытта да ұжымның керемет концерттері жалғасын таба бермек.