Түркістан облысында 2023 жылы 33 мектептің құрылысын жүргізуге түрлі қаржыландыру көздерінен 23,6 млрд. теңге қаржы қаралды. Биыл 20 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Оның ішінде 6 мектепті 1 қыркүйекте ел игілігіне ұсыну көзделіп отыр. Аталған мәселе облыс әкімі аппаратының апталық отырысында талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс жұмыстарын қатаң бақылауға алып, уақтылы аяқталуын қадағалауды тапсырды. Сонымен бірге мектептердегі күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін толық аяқтау керектігін ескертті. – Мектептер өз уақытында салынып, ел игілігіне берілуі тиіс. Құрылыс жоспары, мерзімі бойынша қателікке жол беруге болмайды. Қазір бюджетте қаражат тапшы екенін білесіздер. Әрбір тиынды тиімді жұмсап, міндетті сапалы атқарған жөн. Құрылысы кешеуілдеп жатқан кейбір білім ұяларына жауапты мердігерлерге қатаң ескертіңіздер. Жұмыс жоспардағыдай жүрмейтін болса, жауапты басқарма мен өзге де мекеме басшыларының жауапкершілігін де қараймыз. Ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін толық аяқталуы қажет. Құрылыс баяу жүріп жатқан нысандарда іс барысын бақылап, жұмысты жандандырыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды. Түркістан облыстық құрылы басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, Сарыағаш ауданында 300 орындық, Сайрам ауданында 300 орындық, Түлкібас ауданындағы 150 орындық, Арыс қаласындағы 200 орындық мектептердің құрылысы өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде, 1 қыркүйекте тапсырылады. Келес ауданындағы Абай атындағы №46 мектепке қосымша 300 орындық ғимарат салу жұмысы да қатаң бақылауда. Сонымен бірге Түркістан қаласында 500 орындық жатақханасы бар 700 орынға арналған мектеп-интернат та жаңа оқу жылында ашылады деп күтілуде. Басқарма тарапынан өз міндеттерін дұрыс атқармай отырған мердігерлерге заң аясында шаралар қабылданып, айыппұлдар салынған. Өңір басшысы мектеп құрылысына немқұрайлы қараған кейбір мердігерлермен келісімшартты үзуді тапсырды. Жиында Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы өңірдегі мектептерге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу барысы туралы баяндады. Өңірде Түркістан білім басқармасына қарасты 1275 білім беру мекемесі жұмыс істейді. 2021 жылы – 13 мектеп, 2022 жылы 16 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2023 жылға 20 білім ұясына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы қаралды. Қазір 4 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілген. 11 мектеп қыркүйек айына дейін дайын болады. 5 мектептің қаржысы мен жөндеу жұмыстары 2024 жылға өтпелі.