Бұл туралы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жыл сайынғы есеп беру кездесуінде айтты. Офлайн және онлайн форматта өткен есептік кездесуде ЕҰУ ректоры 2022-2023 оқу жылындағы жұмыс қорытындылары туралы хабардар етті және алдағы жылдарға арналған университеттің басымдықтарын белгіледі. Оған студенттер мен олардың ата-аналары, жұмыс берушілер, ғылыми-педагогикалық қоғам өкілдері қатысты. Өз сөзінде Ерлан Сыдықов университеттің маңызды ғылыми жетістіктеріне баса назар аударды. Биыл университет ғылымынан түскен кірістердің үлесі 2020 жылмен салыстырғанда үш есеге жуық өсіп, 5,03 млрд теңге құрады. ЕҰУ ғалымдары 240-тан астам ғылыми зерттеулер мен 10 халықаралық ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Олар атом және сутегі энергетикасы, молекулалық биология, гендік инженерия, биомедицина, геоақпараттық модельдеу, жаңа құрылыс материалдары және басқа да салаларды қамтиды. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда іргелі зерттеулер саны 26%, ал қолданбалы зерттеулер 18% артты. 2022 жылы ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижесі бойынша 125 авторлық куәлік пен патент алынды. ЕҰУ-дың 6 зертханасы Ұлттық аккредиттеу орталығымен аккредиттелген. «Еуразия ұлттық университетін зерттеу университетіне трансформациялау және инновациялық экономиканы дамытуға қосқан үлесімізді арттыру шеңберінде ғылыми инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық беріледі. Есепті кезеңде «ENU-TECH» жаңа кампусында заманауи ғылыми-техникалық инфрақұрылым мен аккредиттелген зертханалар желісін құру үшін құны 10 млрд.теңге болатын инвестициялық бағдарлама әзірленді. Соңғы 5 жылда алғаш рет университеттің өз қаражатынан жоғары дәлдіктегі ғылыми жабдықтарды сатып алуға 703 млн. теңге бөлінді. Біз ғылыми-инновациялық және білім беру әлеуетін одан әрі арттыруға, сондай-ақ ғалымдарымыздың әзірлемелерін коммерцияландыруға жәрдемдесуге ниеттіміз. Біздің «Ядролық технологиялар паркі» АҚ базасында 5 шағын өндіріс жұмыс істейді. Біз бизнеспен және экономиканың нақты секторындағы ірі кәсіпорындармен ынтымақтастықты белсенді түрде кеңейтіп жатырмыз. Қазір 3D принтерлерді құрастыру, Швейцария зерттеушілерімен бірлесе өнеркәсіп қалдықтарын қолдану арқылы геополимерлі бетондар шығаруға арналған технологиялық желіні орнату бойынша шағын өндірістер құру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге бүгінде біздің ғалым Абдулла Омаровтың сейсмология бағытындағы жобасына Малайзияның ірі компаниясы қызығушылық танытып отыр», — деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов. Кадрлық әлеуеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ЕҰУ жастарды ғылымға тартуға баса назар аударады. Соның арқасында тек есепті жылдың өзінде 40 жасқа дейінгі ғалымдардың үлесі 36 пайыздан 53 пайызға өсті. Өткен жылдан бастап ЕҰУ-да «зерттеуші» деген жаңа лауазым енгізілді, сондай-ақ университет өз қаражаты есебінен коммерцияландыру бағытындағы әлеуетті идеялары бар жас ғалымдарды қолдау мақсатында жыл сайынғы «JANA ASU» ішкі грантын бекітті. Бүгінде «Жас ғалым» президенттік жобасы аясында ЕҰУ кафедралары мен ғылыми бөлімшелерінде ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын жас ғалымдар тобы 71 постдокторантқа артты. Университет халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Өткен жылы ЕҰУ ғалымдары 700-ден астам шетелдік мамандармен бірлесе еңбек етті. Соңғы 5 жылда ЕҰУ ғалымдарының мақала жариялау белсенділігі екі есеге артқанын атап өтті. Олардың дені Web of Science базасының Q1, Q2 журналдарында жарияланады. Scopus деректер базасы бойынша ЕҰУ ғалымдарының бір мақаласына орташа дәйексөз көрсеткіші 4,4, физика-техникалық факультеті ғалымдарында 7,1 құрайды.