Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Б.Хасанов мердігер тарапынан «Сайрам ауданы Ақсукент ауылының тазартқыш имараттарын қайта құру» нысаны бойынша жүргізілген құрылыс жұмыстарының сапасы және белгіленген мерзімде толық іске қосылуын қадағалау мақсатында қажеттілігіне қарай арнайы жұмысшы топты құрып, күнделікті бақылау жасауды ауызша тапсырған болатын. Осы мақсатта, аудан әкімінің кеңесшісі Р.Есполай, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Бейсембаев және бөлім қызметкерлері, «Сайрам тазалық» ЖШС-нің директоры Қ.Бегалиев Қарабұлақ ауылдық округінде орналасқан нысанды аралады. Сонымен қатар, аралауға «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының төрағасы А.Әбдіқадіров, аудандық мәслихаттың депутаттары қатысты. Мердігер мен тапсырысшы мекеме арасындағы түзілген келісімшарт негізінде жобаның құрылысына қатысты қойылған талаптардың толық орындалуына зерделеу жүргізіліп, сондай-ақ Түркістан облыстық сотының 2023 жылғы 23 ақпандағы тиісті ұйғарымына сәйкес, ағымдағы жылдың 31 мамырына дейін нысанға орнатылған құрылғыны іске қосуға және уәкілетті мемлекеттік органнан тазартылған судың лабораториялық сынамасының қорытындысын алуға міндеттелгені туралы айтылды. Нәтижесінде тапсырысшы мекемемен жобаға сәйкес түзілген келісімшарт негізінде нысанда бірнеше кемшіліктер орын алып отырғаны анықталып, мерзімінде ретке келтіру мәселесі ескертілді. Атап айтқанда, Ресей елінен өндірілген, автоматтандырылған құрал-жабдықтар болуы тиіс, санитарлық талаптардың сақталуы, қызметкерлерді қорғаныш киімдері мен гигиеналық заттармен қамтамасыз ету, ағын суға жарамды болу үшін тазартылған су күйінде шығару және тағы басқалары. Бүгінгі таңда құрылғыны қосу жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, мердігер «ХМСУ Шымкентмелиорация» ЖШС-інің басшысы С.Қарсыбаев нысанның дайындық жұмыстарын таныстырды. Кәсіпкердің сөзінше, облыс бойынша үлкен жобаның бірі, жерасты жүргізілген пластикалық құрылыс заттары сапалы, тәулігіне 3 мың тонна текше метр сарқынды суларды сүзгілерден өткізуге қуатты екенін жеткізді. Сонымен қатар, ауданнан 3 тұрақты маманды техникалық мамандық бойынша даярлауға мүмкіндік берілетінін тілге тиек етті. Келесі кезекте су тазалау құрылысының инженері Нұрбек Әділбекұлы қалдық сулардың күрделі, жеңіл, биологиялық, ультракүлгін секілді әдістермен тазалау жолдарын түсіндірді. Аталған нысанға мониторинг жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.