Saq.kz Интернет-газеті | Негізгі

Фото: stan

Бүркіт, әнші: Арманым – балаларым көп болса екен...

👤Saq.kz 0 коммент. 🕔2016-04-20

 

-         Домбыраны керемет шертесіз. Қазақтың небір ғажайып терме жырлары бар. Соларды арқау етіп, жастарға үлгі боларлықтай термелерден тұратын арнайы альбом шығару ойыңызда жоқ па?

-         Биыл  күз айында үлкен шоу-концерт беруді жоспарлап отырмыз. Сол шоу-концерттің 30 пайызы домбырамен орындалатын шығармалар болады. Термелер, қойылым спектакль сынды домбырамен ойнайтын шығармалар бар. Мен оқу бөлімі бойынша күйшімін. Терме өзіме ұнайды. Жаныма жақын. Термелерді кішкене қолға алу керек болып тұр. Домбыра тарту кез-келген әншінің қолынан келмейтін дүние. Домбырамен ән салатындар санаулы өзі. Солардың қатарында мен де болсам жаман болмас.

-         Әндеріңіздің басым бөлігі шығыстық стильде. Көңілді, билеуге шақырып тұратындай. Алдағы уақытта шығыстық мақамды өзгерту ойыңызда жоқ па?

-         Неге өзгертуім керек, халыққа ұнап жатса. Ән қоржынымда лирикалық әндер де бар. Бірақ кезең сондай болып тұр ғой. Билейтін, көңіл көтеретін әндерді көбірек іздейді. Сұранысқа ие. Сол себептен қазіргі таңда айтып жүрген әндеріміз - қайталанбас стиль. Біздің стильімізде елімізде ешкім айтпайды. Оны өзгерту дұрыс емес шығар меніңше.

-         Әнші болмағанда қай кәсіптің құлағынан ұстар едіңіз?

-         Әскери мамандықты таңдар едім.

-         Қайсысына өтімдісіз: тойға, сахнаға, киноға...

-         Бізде енді негізінен той ғой. Концерттерге де сұраныс көп. Дегенмен ол науқандық яғни, мереке кездерінде ғана. Көбіне табыс тойдан түседі. Оны жасырудың қажеті жоқ. Әлішер Каримовтың «Қазақтың тойы бітпесін» деген әні бар. Сол сияқты ғой...

-         «Мекенім – Қазақстан» атты әніңізге клип түсірдіңіз. Бірақ патриоттық рухтағы ән қазақтың кең байтақ даласын, әскери айбынын, арғы-бергі тарихын паш еткендей болуы тиіс еді. Алайда бір бөлмеде ғана түсірілген...

-         Мың адам болса мың пікір болады емес пе, 70-80 пайыздай пікірге құлақ түрсек «жақсы түсіргенсіздер, даланы, аттарды түсіру қажет емес-тін. Көп әншілер патриоттық бағыттағы әнге клип түсірсе дереу солай түсіреді, ал сіздер олардан ерекшеленіп, осындай стиль таңдағандарыңыз дұрыс болған. Қандай керемет» деп мақтап жатады. Әнге байланысты ғой. 1 000 - 2 000 АҚШ долларына клип түсірсе де әні жақсы болмаса ешқандай пайдасы болмайды. Әнге көбірек мән береміз.

-         Бүгінде әншілер өздерін сан қырынан көрсетіп жүр, бірі тележүргізуші, бірі әртіс... Болашақта киноға түсу жоспарыңызда жоқ па?

-         Жоқ. Киноға түсу емес, кино түсіру жоспарымда бар. Әнші ретінде сұранысқа ие болып жатырмыз. Келіп жатқан дүниені керегі жоқ деп басқаға ауысып кету де дұрыс емес. «Ынсап сайын – береке». Сондықтан оның бәрі өз уақытысында.

-         Қолыңыз жетпеген арман мақсаттарыңыз бар ма?

-         Жоқ. Армандарымның бәрі орындалып жатыр. Балаларым көп болса екен... Ең бастысы бала-шағам, отбасым аман болса сол ғой басты мұрат. Пенде емеспіз бе, адам деген армандай береді. Бірақ барыңды о дүниеге алып кетпейсің ғой. Қалай келдің, солай кетесің. Абыроймен өмірімізді сүрсек болды.

-         Гастрольдік сапарларға жиі шықпайтын сияқтысыз...

-         Орайы келсе шығып жатырмыз. Аиша жуырда ғана босанып, екінші ұлымды дүниеге әкелді. Аиша  кішкене формасына келген соң үлкен концерттерге дайындықты бастаймыз.

-         Аиша сізге биді, сіз Аишаға қазақшаны үйретпей жүрген сияқтысыз ғой...

-         Аиша қазақша сөйлейді негізі, үйретіп жатырмын. Ал биге келсек ондай жастан өтіп кеттік. Билейтін адам бар ғой, Аиша билей берсін. Қазір енді тек қана әнге көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Мағыналы, мәнді әндеріміз көп болса. Ән деген сиқыры бар дүние ғой. Ән деген адамның көңілін көтереді, жұбатады. Ән арқылы сезімін білдіреді. «Бәрі, бәрі жақсы болады» деген әніміз ниет, тілектен туындаған. Адамдардың ертеңгі күні бәрі де жақсы болатынына сендіру, сезімдерін қозғау болатын.

-         «Өмір саған разымын» атты әніңіздің авторы өзіңізсіз. Осы әніңіз орыс тіліндегі бір әнге қатты ұқсайды...

-         Бұл әннің сөзін Шөмішбай Сариев жазған. Ол итальяндық әнге ұқсайтыны рас.

-         Бір ғана композитормен жұмыс істеуді құптайсыз ба?.....

-         Жоқ, құптамаймын. Ондай болса қартайып кетесің, жасыңмен емес, әрине. Өнеріңмен қартайып кетесің. Өйткені сазгер бір әнді жақсы жазса, екіншісі де сәтті болуы мүмкін. Ал үшіншісі нашар шығуы мүмкін. Әртүрлі композиторлармен жұмыс істеген дұрыс. Патриоттық әндер болса оны өзім шығарам әуендерін. Ал билейтін, заманауи әндер болса онда бүгінгі күні мен румын  композиторларымен жұмыс істеп жатырмын... Шабыт деген бір сәтке байланысты емес. Бір әншілердің концертін көріп, клипін тамашалап ұнаса содан шабыт пайда болады. Кішкене кезімде анам бір көріпкелге апарған еді,  сол кісі «мына баланың іші толған нота ғой» деген болатын. Уақыт ағымымен мен ұмытып та кетіппін. Кейінірек анам соны есіме салды. Негізінде көріпкелдерге онша сене қоймаймын, бара берудің де қажеті жоқ деп санаймын. Бірақ ол кісі менің домбыра тартатынымды, өнерге ынтық екенімді тіптен білмейтін...

-         Әріптестеріңіздің бірі өнер мектебін, бірі би мектебін ашып жатыр. Өзіңізді осы салада сынап көру жоспарыңызда жоқ па?

-         Менің негізгі жоспарым – балаларым көп болса. Ең басты мақсатым осы. Өмірдегі ең басты мақсат та осы емес пе? Өнер мектебін ашу ойымда жоқ. Дағдарыс кезінде мектеп ашу қиын. Өзімнің жеке бизнестерімнің бәрін сатып жібердім. Сол қаржыма үй салып жатырмын. Қазақта белгілі ғой, туған туысқан көп. Кейде пәтерімізге сыймай кетеді. 3-4 адам келсе жататын орын таппай қаласың. Тапқан табысымның бәрін сол қонысыма салып жатырмын.

-         Бүгінгі қазақ эстрадасына қандай баға бересіз?

-         Жақсы көзқарастамын. Бәсекелестік болған жақсы. Біреудің жаңа әнін тыңдасаң, клипін көрсең одан да жақсы етіп жасағың келеді. Астанада өткен  Қайрат Нұртастың концертін жақсылап қарадым. Сол бүгінгі қазақ әнін, қазақ өнерін бір сатыға көтеріп тастады. Қандай тамаша дедім. Енді содан төмен болмау керек деп жасайсың, талпынысты, ынтаны оятады. Бір бірімізге қарап өсіп жатырмыз, сабақ алып жатырмыз. Кем қалмайық деп тырысып жатырмыз. Сонда ғана жақсы дүние туады.

-         Сынға қалай қарайсыз?

-         2000-шы жылдары орыс тілінде әндер айтып шықтым. Сонда оңтүстікке келгенде «неге қазақша айтпайсың, сен қазақсың ғой» деген сын естідім. Негізі дұрыс сын болды. Содан қазақша әндерге көштім. Енді мүлдем айтпаймын орысша. Ал енді дәл қазір орысша ән айтсам маған ұят енді. Өз тіліңде айтқан дұрыс қой. 

-         Сұхбатыңызға рахмет!

                                                                               Гүлжан КӨШЕРОВА

 

 

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ваш email не будет опубликован. Поля, обозначенные *, обязательны к заполнению.

<=Жел 2018=>
ЖкДсСсСрБсЖмСн
1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

14

15

17

18

19

20

21

22

23

24

25

26

27

28

29

30

31

Галерея