Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», жазушы Еркінбек Тұрысовтың «Темірлан» романы биылғы жылы «Бір өлке – бір кітап» Оңтүстік Қазақстан облыстық акциясының қорытындысы бойынша таңдалып алынғаны белгілі. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Бәйдібек ауданындағы орталық кітапханада «Темірлан» романын насихаттау мақсатында кітапханашылардың қатысуымен ой бөлісу мәдени кеші өтті. Жиылған кітапқұмар қауым аталған шығарманы терең талдап, өзіндік пікірлерін білдірді. Тарихтан сыр шертетін тарихи туындының оқырмандары көп бүгінде. Әрі жас ұрпаққа аталмыш кітапты оқуға үндейтін мәдени шараның басты ұстанымы да мықты. Библиограф Г.Төлен жазушының өмірбаянынан баяндама жасап, кітапханашылар роман туралы өз ойларын ортаға салды. Осы іс-шараға аудандық сәулет-көркем музей қызметкері М.Расулова жазушының музей қорындағы сурет көрмесін әкеліп таныстырды. Жыл соңына дейін насихатталатын «Темірлан» туындысынан алған әсеріміз де аз емес. Оқырман қауымды осы кітапты оқуға шақырамыз.
Г.ТӨЛЕН,
аудандық орталық кітапхананың библиографы.