
фото ТОӨКҚ
Түркістан қаласында «VOICE BEYOND HORIZON» халықаралық музыкалық шоуының түсірілімі басталды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, еліміздің мақтанышы Димаш Құдайберген атқарушы продюсерлік ететін жоба Қытайдың «Hunan Broadcasting System» телеарнасымен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Халықаралық байқауға Қазақстан, Қытай, Қырғыз Республикасы, Италия, Малайзия және Сербия мемлекеттерінің өнерпаздары қатысып жатыр. Қатысушылар түсірілім барысында өңірдің мәдени-тарихи және туристік нысандарында өнер көрсетеді. Атап айтқанда, түсірілім жұмыстары Қ.А.Ясауи кесенесі орналасқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде, көне Отырар қалашығында, «Керуен сарай» туристік кешенінде және этноауылда өтеді.
Байқау үміткерлерінің өнеріне арнайы шақырылған халықаралық сарапшылар қазылық етеді. Түркістандағы түсірілім аяқталғаннан кейін жобаның шығармашылық сапары Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларында өтеді. Айта кетейік, «Voice Beyond Horizon» жобасы әлемдік аудиторияға Қазақстанның туристік әлеуетін кеңінен танытуға бағытталған. «Hunan Broadcasting System» телеарнасы мен оның «Mango TV» цифрлық платформасын күніне 210 миллионнан астам көрермен тамашалайды. Жобаға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы және жергілікті атқарушы органдар қолдау көрсетіп отыр.