
фото МЖАМБҚ
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры жаңа театр маусымын дәстүр бойынша Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің бірегей туындысы «Абай» операсымен ашты. Қойылым аншлагпен өтіп, зал толы көрермен сахна шеберлеріне ерекше ықылас білдірді. Маусымның ашылу салтанатына театрдың ардагерлері, шетелдік консулдықтардың өкілдері мен меценаттар арнайы қатысты.
92-ші маусымда театр өз көрерменіне көптеген жағымды жаңалық дайындап отыр. Жаңа маусым мазмұнды, мәнді мәдени оқиғаларға толы болмақ. 26 тамыз күні театр ұжымы зор табыспен Татарстан астанасы Қазан қаласында (РФ) гастрольдік сапар өткізді. М. Жәлел атындағы Татар мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында тұңғыш рет «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы қойылып, көрермен мен кәсіби мамандардың жоғары бағасына ие болды.
23 қазан күні Қазақстан Республикасының күніне орай театр сахнасында «ЯПУРАЙ» хор гала-шоуы өтеді. Бұл жоба көрерменге кеңінен таныс шығармаларды заманауи музыка мен өнердің жаңа үрдістеріне сай өзгеше сипатта тамашалауға мүмкіндік беріп, театрдың хор ұжымын жаңа қырынан ашпақ.
Жоғары технологиялы сценография әр нөмірдің сұлулығы мен тереңдігін айқындай түсіп, көпшілікке әсерлі де көркем қойылым ұсынады. Музыка мен визуалдың инновациялық шешімдері көрерменге өткен мен болашақтың үйлесімін сезінуге, сондай-ақ Қазақстанның мәдени және тарихи дәстүрінің бірлігін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Қараша және желтоқсан айларында театр екі бірдей премьера ұсынады. Атап айтсақ, Қазақстанның халық әртісі, аңызға айналған балерина әрі ұстаз Гүлжан Түткібаева қойған ұлттық балет – «Ұлы Жібек жолы» және Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мариин театрының режиссері Иркин Ғабитов сахналаған И. Штраустың «Жарқанат» опереттасының жаңа қойылымы.
92-ші театр маусымында ұжым өз өнерін Қазақстанда ғана емес, шетелдік көрерменге де паш етпек.