«Елімізде жастар саясатына көптеп көңіл бөлініп келеді. Оның нәтижесі де жоғары. Жоғары білім аламын, жұмыс істеймін, кәсіпкерлікпен айналысамын деген жастарға барлық мүмкіндік жасалған. Тек жастар тарапынан ынта-ықылас болса болғаны. Алайда, жастар арасында белсенділік байқалмайды». Жуырда облыс жастарымен кездесу өткізген Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков осылай деді. Үнемі өңір жастарымен байланыста болып, аймақтың тыныс-тіршілігін қалт жібермей қадағалап отыратын халық қалаулысы ел жастарын жасалып жатқан мүмкіндікті пайдалануға шақырды. Ұласбек Сәдібекұлы ең алдымен жастардың шешімін табуы тиіс мәселелеріне де құлақ түрді. Жаңадан қабылданған жастар саясаты жөніндегі заңға енгізілген өзгерістерді айта келіп, жан-жақты тоқталды. Ел болашағы үшін жас толқынның қосар үлесі қомақты, әрине. Сондықтан да жастар саясатына қатысты заңның қабылдануы толғағы піскен мәселесі-тін. Екі жылға жуық талқылауға түскен заң жобасы ақыры мақұлданды. Жастарға қатысты мәселелердің күнгейі мен көлеңкесі толығымен қамтылды деуге болмас, дегенмен 500–ге жуық ұсынысты саралаған Заңның жастар үшін мүмкіндігі зор, әрине. Астанадан ат арытып келген мәжілісмен осылай дейді. Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысамын деген құлшынысы бар жастарға мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінеді. Бұл әрине үлкен көмек. Тек жастардың айналысамын деген ісінің ұңғыл-шұңғылына дейін сараланған бизнес-жоспары болуы қажет. Болашақ кәсіпкер сол саланың артықшылығы мен кем-кетігі туралы да толық зерттеуі тиіс. Кәсіпкерелерді қолдау орталықтары арқылы зерделенген бизнес жоспарларға бүгінгі күні 3 миллион теңгеге дейін грант берілетіні белгілі. Осы мүмкіндікті пайдаланып кәсібін дөңгелетіп отырған жастар баршылық. Одан бөлек пайызы төмен несие алуға да болады. Егер кәсіпкердің есебі мықты болса өз ісін ілгерілетіп алып кетуіне толық жағдай бар. Бөлінген қаржының тиімді пайдаланылуын басқа емес, атқарушы биліктің өзі бақылайды. Ұласбек Сәдібеков, ҚР парламенті мәжілісінің депутаты: «Жергілікті билік атқарушы билік алдында жылына бір рет жастар саясаты туралы жұмыс қалай жүргізіліп жатқаны туралы міндетті түрде есеп беріп отырады. Бұрынғыдай жалпылама құрғақ сөзбен «үйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз» деп айта алмайды. Заңға сәйкес мәслихаттың алдында, депутаттардың алдында тиісті деңгейде есеп беріп отыратын болады. Бұрынғыдай қала, ауыл жастары деп бөле жара қарау жоқ. Өйткені, барлық жерге мемлекет тарапынан бірдей қаржы бөлінеді. Бұл — жаңадан қабылданған жастар туралы заңның шарапаты. Ал өз кезегінде жастар да жасалып жатқан жағдайдың игілігіне жауап қатуы тиіс. Енді тек жалқаулықтан арылып, нақты іске көшкен абзал» деді. Кездесу барысында жастар көкейлеріне көп дүние түйді. Дамир Жүніс, «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі: «Бүгінгі жиында жастар саясаты жөніндегі заңның ауқымы, оның жастарға берер пайдасы туралы, әрбір жас өз құқығын заң аясында қалай қорғай алады осы турасындағы сауалдарға нақты жауап алды. Жастардың дені өз сауалдарына көкейге қонымды жауап тапты. Соның барлығын қазір кеңінен талқылап түсіндірдік. Бұдан бөлек бүгінгі жиында Ұлт жоспары саналатын бес реформа мен 100 нақты қадамды жүзеге асыру бойынша да ұсыныстар айтылды. Өз кезегінде жастар да көкейлерінде жүрген сан сауалға жауап таба алды» деді…
Депутат мүмкін болса алдағы уақытта жастар саясатына қатысты қандай да мәселе туындаса тиісті мекемелерге құлаққағыс етіп мәселенің шешімін табуына барынша тырысатынын айтты. Жастарға арнайы уақыт бөлген депутат алғы кезеңде өңірге тағы да ат басын бұратынын жеткізді. Келелі кездесу екі тарапқа да пайдалы болары сөзсіз.