«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын?» Расында еліміздің ертеңгі күші жастарға жағдай жасалмаса олар елдің болашағы туралы ойға бас қатырмасы анық. Мұндайда отансүйгіштік туралы пәлсапа соғудың өзі тым артық… Бүгінде жастардың мәселесі мемлекет назарынан тыс қалып отырған жоқ… ҚР Конституциясының 20 жылдығы мерекесi қарсаңында Төлеби ауданы «Бiркөлiк» демалыс аймағының тау баурайында орналасқан спорттық жаттығу кешенiнде облыстың белсендi жастары үшін үш күндiк семинар-тренингке ұйымдастырылды. «Достық» лагері деп атау қойылған бұл шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына да арналды. Аты айтып тұрғандай «Достық» лагері әр түрлі ұлт жастарының басын қосты. Арнайы шара қатып қалған қағида бойынша жабық конференция залында емес, табиғат аясында, ашық аспан астында өтті. Бұл жастардың өздерін еркін сезінуі үшін таптырмас тәсіл, әрине. Облыс, аудан, қалалардан келген белсенді жастар 4 командаға бөлiніп, түрлі секцияларға қатысты. Тренерлердiң лекциясын тыңдады. Одан соң түрлi спорттық шараларға қатысты. Кешкісін ойын-сауық ұйымдастырылды. Іс-шараның барлығы да жастардың қалауы бойынша өрбіді. Бұрынғыдай жиыннан соң жиын, іш пыстыратын тыңдаулар бүгінгі күнге жүрмейтіні анық. Сондықтан да қай шара болмасын қызықты әрі тартымды болуына баса назар аударылды. Ол шараларда жастардың барлығы да шет қалмай, қатысуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Жастардың көңілінен шығатын мұндай жиын өткiзу үш жылдан берi дәстүрге айналған. Оңтүстік Қазақстан облыстық бiлiм, жастар саясаты және тiлдердi дамыту басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбiлов жастар алдында басқосудың маңыздылығына тоқталды. Семинар-тренингтiң екiншi күнi облыс әкiмiнiң орынбасары Ерлан Айтаханов жастармен жүздесті. Еркін пікір алмасу алаңына айналды. Бейресми жүздесу барысында жастар Ерлан Қуанышұлына көкейлерінде жүрген көптеген сауалдарын қойды. Әрине бүгінгі күні жастарды қызықтыратын тақырыптар аз емес екендігі сөзсіз. Солардың ең басында жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, студенттердiң жолақы мәселесi, шәкіртақының көлемі туралы сұрақтар ортаға салынды. Облыс әкiмiнiң орынбасары Ерлан Айтаханов ҚР Президентiнiң 5 институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған Ұлт жоспары «100 нақты қадам», Қазақстан халқы Ассамблеясының халықты бiрлiкке үндеудегi рөлi, жастарға Үкiмет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық жөнiнде әңгiмеледі. Сөз соңында жұмыссыз жүргендердi Солтүстiк Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына барып еңбек етуге шақырды. Ол жөнінде де жастарды мазалайтын сұрақтар аз емес. Пікірсайыс алаңында жастар өздерін мазалап жүрген сұрақтардың деніне жауап тапты. Жастар тарапынан ұсыныстар да айтылмай қалған жоқ. «Достық» лагерінің жабылу салтанатында белсенді жастар марапатталды. Кентау қаласындағы №24 мектептің оқушысы кемал Чаркулиев пен №24 мектептің оқушысы Төребек еркебұлан «Робот» биін билеп, жиналғандарды таң қалдырды. Бұдан басқа да ән салып, би билеп, өз өнерлерін ортаға салған жастар марапаттан тыс қалған жоқ. Келер жылы да аталмыш шара басқа форматта жалғасын табатын болады.