Жуырда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының жаңа жатақханасы ресми түрде ашылып, студент жастардың пайдалануына берілді. «Студенттер үйінің» ашылу салтанатына ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың өзі арнайы келіп, қатысып, құтты болсын айтты. 500 орынға лайықталған 12 қабатты жатақхана заманауи талаптарға сай салынған, көздің жауын алып, жұтынып тұр. Жатақхана құрылысы айнласы бір жарым жылдың ішінде аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Бұл жерде өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған педогогикалық институттың оқу ғимараты болған. Тозығы жетіп, әбден ескірген ғимараттың орнына заманауи жатақхана бой көтерді. Жұлдызды қонақүйлерден кем емес, жайлы жатақханада барлық жағдай қарастырылған. 12 қабатты студенттер үйін салуға 1 миллиард 237 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ғимараттың құрылысын «Ақ орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Әр жатын бөлме екі студентке арналған. Ертеңгі күні педогогикалық мамандықты игеріп, болашақ оқушыларды тәрбиелейтін студенттерге бар жағдай жасалынған. Әр бөлменің ішінде санитарлы тораптары, яғни әжетхана мен ванна, кітап сөрелері мен киім қоятын шкаф, ыңғайлы кереует, тоңазытқышқа дейін бар. Одан бөлек ғимарат ішінде кітапхана, асхана, арнайы медициналық кабинеттер, химиялық тазарту бөлімшесі, шаштараз және тағы басқа қызмет көрсету бөлімдері қызмет көрсетеді. Облыс орталығында бұрын соңды мұндай жатақхана болмаған. Бар жағдайы жасалынған жатақханада тек оқу үлгерімі жақсы, үздік студенттер ғана жайғасатын болады. Жатақхананың жылдық төлемақысы да анау айтқандай қымбат емес. Бастысы жастардың қалтасына салмақ салмайды. Бір жылға бар жоғы 22 мың 800 теңгені құрап отыр… Оңтүстік Қазақстан педогогикалық институтының ширек ғасырға жуық тарихы бар. Осы оқу ордасын тәмәмдаған талай тарлан бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр. Бүгінде мұнда білім алып жатқан жастардың басым бөлігі белсенді, үздіктердің қатарында, үнемі қоғамдық жұмыстардың ортасында жүреді. Оңалбай Аяшевтай білгір басшы басқаратын оқу ордасының жеткен жетістіктері туралы аз-маз айтып тауысу мүмкін емес. 3 мыңға жуық студент білім алатын оқу ордасы әрдайым озаттардың қатарында. Биылғы оқу жылында 900-дей студент қабылданып отыр. Олардың 63 пайызы мемлекеттік грант негізінде білім алады. «Жастардың білім нәрімен сусындап, болашақта еліміздің өркендеуі үшін аянбай тер төгетін маман даярлау ісіне барынша көңіл бөлініп келеді. Бұл – жастардың озат оқуы үшін жасалып отырған айырықша мүмкіндік. Еліміздің кемел келешегі жастардың қолында. Сондықтан да жасалып жатқан бар игілікті пайдалана отырып, білім алу керек» деп атап өтті еліміздің бас ұстазы. Ғимаратты аралап көріп, жайына қаныққан министр мырза ең алғаш болып үздіктердің қолына бөлме кілттерін табыс етті. Облысқа жасаған сапары барысында еліміздің бас ұстазы ақжолтай хабарды да тілге тиек етті. Келер жылдан бастап студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға өспек. Бұл қаржы жастардың жыртығын жамай қоймас, дегенмен аз да болса студенттерге көмек болары сөзсіз. Салтанатты жиында сөз алған Оңтүстік Қазақстан педогогикалық институттың ректоры Оңалбай Аяшев білімқұмар жастар үшін барлық жағдайдың жасалып жатқанын және мұндай игіліктердің алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін жеткізді. Заманауи ғимаратқа қол жеткізіп, көңілдері көтерілген студенттердің қуанышында шек жоқ. Оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысатын, үздік студенттері көп институт ұжымы алда әлі де талай белестерді бағындырары сөзсіз.