Бүгінгі студентер белсенді. Оқуда да, еңбекте де, қоғамдық жұмыстарда да. Әсіресе жастар арасында ұйымдастырылатын байқауларда тіптен белсенді. Жалындаған жастар жанып тұрады. Тау қопарардай күшке ие жастардың бұл құлшынысы құптарлық-ақ, әрине. Жуырда облыс орталығында өткен «Студентік шақ» атты фестивальге де барлық жастар белсене қатысты. Жастардың патриоттық сезімін арттыру, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спорт түрлерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шарадан тыс қалған оқу орындары болған жоқ. Облыстық білім, жастар саясаты жəне тілдерді дамыту басқармасы мен «Бəйтерек» жастар ұйымының ұйымдастыруымен өткен шара аса тартысты өтті. Аталмыш байқауға жоғары жəне орта арнаулы оқу орындарының талантты жастары атсалысты. Байқау ережесі бойынша олар спорттық сайыстар, көркем сөз оқу, архитектуралық формалар байқауы, жас суретшілер байқауы сынды байқауларда бақтарын сынады. Білімін жетілдіру жолында жүрген жастар үшін əрине бұл үлкен мүмкіндік. Гуманитарлық салада білім алып жүрген жастардың дені көркем сөз оқу саласы бойынша барын салса, техникалық мамандыққа машықтанып жүрген жастар архитектуралық формалар байқауына қатысып, өз мүмкіндіктерін сынап көрді. Суретшілер байқауына қатысқандар өздерінің қаламынан туындаған кескіндемелерді жұрт назарына ұсынып бір таңырқатты. Расында онда ұсынылған суреттер тап бір хас суретшінің қолынан шыққандай тамаша туындылар. Бұл өңірімізде талантты жастардың тым көп екендігін байқатса керек. Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде жалғасқан спорттық фестиваль да жоғары деңгейде өтті. Бұқаралық спортты дамыту мақсатын көздеген шараны өткізу жыл сайын дәстүрге айналған. Шараға қатысушылар спорттың бірнеше түрінен бақ сынасып, кіл мықтыны анықтады. Арқан тарту, футбол, волейбол, эстафеталық ойындар командалық тәртіппен өткізілді. Кіл мықты жиылған спорт сайысы аса тартысты өтті. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттерінен жүгіру бойынша 10 команда жасақталған болатын. Облыс орталығындағы әр оқу орнынан 2 қыз, 2 ұл болып, 4 қатысушыдан бақ сынасты. Нағыз жүйріктер шапқан бәйге расында тартысқа ұласты. Нәтижесінде жүгіруден ОҚМУ құрамасы бірінші орынды жеңіп алды. Арқан тартудан қай команданың мықты екендігін анықтау оңайға соққан жоқ. Бірін бірі ала алмай ұзаққа тартысты. Бұл ойын түрі бойынша Шымкент медициналық колледжінің жастары жеңімпаз атанды. Әр оқу орны өздерінің кілең мықтыларын жиып келген соң, әрине тартысты өтті.
Байқау соңы шығармашыл жастардың көркемсөз оқу жарысына ұласты. Жастар қазақ әдебиетінің жауһарларын жырлады. Өнерлі жастардың тыңдарманы да тым көп болды. Ал жас сәулетшілер өздерінің архитектуралық туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Түрлі пішіндер мен архтектуралық формалардан құралған көрмені тамашалаушылар да аз болған жоқ. Қыл қалам шеберлері көздің жауын алар туындыларын көпшілікті көзайым етті. Фестиваль қорытындысы бойынша үздіктер арнайы дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Марапатты арнайы облыс əкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов мырза табыстады. Мұндай фестивальдер жастарды қанаттандырып, ынталандыратыны сөзсіз.