Қазақ хандығының 550 жылдығына орай еліміздің әр аймағында түрлі іс-шаралар өткізілуде. Мұндай шаралардан мемлекеттік қызметшілер де тыс қалған жоқ. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті, ОҚО білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасымен бірлесе отырып Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жас мемлекеттік қызметшілер арасында «Отанға қызмет – абыройлы міндет» атты форум өткізді. Қандай шара болсын алдыңғы көштің қатарында жүретін мемлекеттік қызметкерлер бұған ерекше атсалысты. Қай салада болмасын табысты еңбек етіп жүрген жас қызметкерлер жетерлік. Олар экономика, әлеуметтік, кәсіпкерлік салаларында тәжірибе жинап, барынша талпынып, жаңаша қызмет атқаруда. Форум өткізудегі негізгі мақсат – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» атты Ұлт Жоспарының аясында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін жоғарылату, мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін арттыру, қызмет сапасын жақсартып, мемлекеттік қызметшілерге этикалық және тәртіптік мінез-құлық қалыптастыру болып табылады. Қай қызметте де жастарға үнемі іздену, ілімін арттыру талабы қойылады. Сондай-ақ, қызмет этикасын сақтау да олардың басты міндеті болып табылады. Аталмыш форумның пленарлық бөлімін департамент басшысының орынбасары – тәртіптік кеңес төрағасы Берік Бекжанов ашып, алғы сөз сөйледі. Бүгінгі күні жастардың өзіне міндеттелген қызметті абыроймен атқаруы, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік қызметтің қыр-сырын меңгеріп, адал атқаруы сынды бірқатар мәселелерге баса мән беріп, кеңірек тоқталды. Одан кейін сөз алған ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми зерттеу институтының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Абдулла Ахметов осы мәселеге тереңірек тоқталды. Ал «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Н.Утешев құтықтау сөз сөйледі. Кембридж университетінің профессоры Лаймулин Чокан, Лондон мектебінің экономика магистрі ҚР Білім және ғылым министрлігінің жастар саясаты департаментінің директоры Ғ.Оспанқұлов және Санкт- Петербург қаласының парламент протоколының маманы Б.Ескендіровамен онлайн бейне телекөпірінде тілдесу өткізілді. Бүгінде қай қызметте болмасын шетелдік тәжірибеге сүйеніп, озық тұстарын үйрену әдісі қолға алынған. Жиын барысында осы мәселе де талқыланды. Озығын алып, тозығынан бас тарту қай кезеңде де оң нәтиже бермек. Форум барысында жас мемлекеттік қызметкерлерге озық тәжірибелерді үйренуден қалыс қалмау да құлаққағыс етілді. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облыстқ білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл «Мемлекеттік жастар саясаты: кеше және бүгін» атты баяндама жасады. Облыс бойынша бүгінде жастар саясатына қатысты барлық мәселені қамтыған баяндама қызу қолдау тапты. Сонымен қатар, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ды Саясаттану және халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты С.Мажинбеков «Қазақ хандығы – тәуелсіз Қазақстанның негізі» тақырыбы бойынша баяндама оқыды. Жастардың қызметте жоғары жетістікке жетіп, еліміздің болашағы үшін аянбай тер төгіп, жиған тәжірибелерін елдің ертеңіне жұмсауы үшін түрлі жобалар, бағдарламалар қолға алынуда. Соның бірі «Жастар кадрлық резерві» жобасы. Биыл осы жобаға 3 мыңға жуық жастар қатысты. Олар алдағы уақытта ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен «Нұр Отан» партиясы саяси менеджмент мектебінің аясында білімдерін жетілдіретін болады. Осы жоба бойынша оңтүстіктің жастары да білім алуда. Жас мемлекеттік қызметкерлердің болашағы үшін қолға алынған жоба бойынша олар мемлекеттік басқару саласынан мол ақпарат алып, тұлға болып қалыптасу жолында көп тәжірибе жинап, білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Өз кезегінде ол жастардың өсу жолында тиімді көмек көрсепек.