2009 жылдың тамыз айынан бастау алған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жастар білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, мәдениет, спорт және ветеринария салаларына жұмысқа орналастырылады. Бұл Оңтүстік Қазақстан бойынша осы салаларға басымдық беріліп дамытуға күш салынып жатқанының бір көрінісі. Осы жылдар арасында облысымыздың 4 226 жас маманына бағдарлама бойынша жолдама берілсе, 1 338 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 2016 жылы республикалық бюджеттен 699 жас маманға жолдама берілу және тұрғын үй алу үшін 300 жас маманға несие қарастырылып отыр. Бүгінгі таңға 486 жасқа бір жолғы көтермелеу жәрдемақысы берілсе, 190 жасқа тұрғын үй алу үшін несие берілді. 2011 жылдан бастау алған «Жастар практикасы» бағдарламасы да біздің облысымызда жоғары нәтиже көрсетуде. Атап айтар болсақ бүгінгі күнге дейін бағдарлама аясында 24 775 жас жұмысқа орналасса, оның ішінде 10 мыңға жуық жастарымыз тұрақты жұмысқа орналастырылды. Биылғы жылдың тамыз айында жастар практикасы бойынша 4572 жас жұмыспен қамтылған. Оңтүстік Қазақстан облысында жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту және оларға қолдау көрсету мақсатында 2016 жыл басында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының «Кәсіпкерлік мектебімен» екі жақты жоспар бекітіліп жұмыстар атқарылуда. 2016 жылдың бірінші тоқсанында 23 460 жас кәсіпкер түрлі бағыт бойынша жұмыстар атқаруда. Облыстық кәсіпкерлік мектебі мен жастар ресурстық орталықтары арасында екі жақты меморандумға қол қойылып, нәтижесінде аудан, қалаларда «Өркен старт-ап» жобасы аясында 108 кездесу ұйымдастырылып, 6 573 жас қатысса, 525 жас арнайы курстан өткізілді. Жоғары оқу орындарын үздік бітіруші жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында «Алтын қор» кадрлық резервіне 70 бітіруші түлектерге маусым айында облыс әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілерді даярлау орталығында үш күндік семинар ұйымдастырылды. Сонымен қатар 17-19 маусым күндері Төлеби ауданы «Бастау» демалыс аймағында 3 күндік семинар ұйымдастырылып, облыс әкімі Б.Атамқұловпен кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасымен бірлесіп 2016 жылы заңгер мамандығы бойынша бітіруші түлектерге облыстық прокуратурада ашық есік күні ұйымдастырылып, жеке қабылдаулары болып өтті. Бүгінгі таңға 10 «Алтын қор» кадрлық резервшілері жұмысқа орналасты. Оның ішінде 2 облыстық басқармаларға мемлекеттік қыметке орналасты. Студент жастарды жазғы мезгілде бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін әрбір аудан, қалада «Студенттік құрылыс жасақтары» мен «Жасыл ел» еңбек жасақтары жұмыстар атқаратын болады. Соңғы 3 жылда қайтадан жанданған студенттік құрылыс жасақтарына 1358 жас тартылса, 2016 жылы 500 жас (оның ішінде М.Әуезов атындағы ОҚМУ – 360 студенті, аудан, қалалардағы құрылыс жұмыстарына – 140 жас) тартылды. Олардың орташа еңбек жалақысы 55-60 мың теңге көлемінде (жұмыс көлеміне қарай). «Жасыл ел» еңбек жасақтарына 2004 жылдан бері 12 мыңнан аса жас жазғы еңбек маусымында жұмыс жасаса, 2016 жылы 1700 жасты тарту жоспарланып, бүгінгі таңға 800-ден аса жас тартылды. Олардың орташа еңбек жалақысы 35-40 мың теңге. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша тұрғын үй кезегінде 1910 жас тұрса, оның ішінде 813-і жас отбасы, ал 1097-сі жастар. 2015 жылы 318 жас (оның ішінде 289-ы жас отбасылар, ал 29-ы жастар) тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, оның ішінде 4-уі мүмкіндігі шектеулі жас. 2016 жылдың соңына дейін 226 жас отбасы баспанаға қол жеткізеді деп күтілуде. Жаңадан ашылған жергілікті полиция қызметкерлеріне көмекші ретінде Жас сақшы ерікті полиция көмекшілері құрылып, оған 500 жас тартылды. Олар арнайы киіммен, қажетті материалдық заттармен толықтай қамтылып, тамыз айында 5 өңір бойынша (Шымкент, Түркістан, Мақтарал, Сарыағаш, Сайрам аудандарында) арнайы семинар-тренинг ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қала аумағында орналасқан 15 аула клубында 14321 бала 23 түрлі үйірмелерге тартылған болса, білім беру мекемелеріндегі 1654 үйірмеге 56183 бала қамтылды.
Дәулет Бейімбет