Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданында астық дақылдарын ору науқаны жалғасуда. Осынау науқанға білек сыбана кіріскен аудан диқандары жайдары жаздың әр сәтін қалт жібермей, астық ору қарқынын үдете түскен. Дәл қазіргі таңда егістік алқаптарында тізілген комбайндар алтын астықты ысырап қылмай, жиналған дәнді қамбаға құю үстінде. Ағымдағы жылы Ақжар ауылдық округіне қарасты 1841 га жерде астық дақылдары өсірілуде. Қазіргі таңда 130 га арпа орылып, 500 тоннаға дейін өнім жиналды. Сонымен қатар, Тегісшіл ауылдық округіндегі 350 га жерге бидайд егіліп, бүгінгі таңда оның 107 га орылды. Жалпы 224 тонна өнім жиналды. Егін ору науқаны кезінде ауа райы да диқаншылардың жұмысына дөп келіп, жаңбыр жаумай, егін орағын өз уақытында ысырапсыз жинап алуға оң септігін тигізіп тұр. Осының нәтижесінде орақ маусымын шілде айының соңына дейін толық аяқтайды деп күтіліп отыр. Бұдан бөлек ауданда мал бордақылау ісі де қарқынды дамуда. Қызылжар ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Орынғазы Қарабаев тұрғын үйі жанынан мал бордақылау алаңын ашып, 2020 жылы кәсібін бастаған болатын. Бүгінде аталған мал бордақылау алаңында 35 бас ірі қара мал өсіріп, 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылына 4000 кг ет өнімін алуда. Жеке кәсіпкер алдағы уақытта мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін ұлғайтып, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Жалпы аудан аумағында аталған кәсіппен шұғылданатын кәсіпкерлер саны күн санап артуда. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті ұлғайтып өнім көлемінің артуына, ал нарықтағы бағаның төмендеуіне алып келеді.