Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Қазмедиа орталығында Кітапханашылар күні мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, зиялы қауым өкілдері, Қазақстанның әр өңірінен келген кітапханашылар, жоғары оқу орындары, колледж және мектеп кітапханаларының мамандары қатысты. Министр салтанатты шарада мәртебелі мамандық иесі — кітапхана қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. -Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақты ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеп жүрген кітапханашылар мен кітапханалар жағдайына айрықша көңіл бөледі. Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел ғана зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын оятуымыз керек», – деп еліміздегі кітапханашылар рөліне ерекше тоқталған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырды. Оған қоса, өткен жылы Үкімет қаулысымен 24 қазан – Кітапханашылар күні деп кәсіби мереке ретінде алғаш рет белгіленді. Оған негіз де бар. Қазіргі таңда елімізде 25 мыңнан астам кітапханашы, 11 мыңға жуық кітапхана, 328 миллионнан астам кітап қоры бар. Бұл еліміз үшін баға жетпес рухани байлық. Осы игілікті пайдаланушылар көлемі, яғни, оқырмандар саны жыл өткен сайын артып келе жатқаны бізді қуантады. Соңғы кезде кітапхана қызметін пайдаланушылар саны 9,5 миллионға жетті. Бұл ең алдымен кітапханашылардың кәсіби еңбегі мен ағартушылық рөлінің арқасында екенін ерекше атап өткен жөн. Оқу мәдениетін насихаттау бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Халқымыздың кітап оқуға деген ынта-жігерін арттыру – баршамызға ортақ міндет,-деді министр құттықтау сөзінде. Жиын аясында министр ұзақ жылдар еңбек етіп, кітапхана саласының дамуына айрықша үлес қосқан қызметкерлерді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапаттады. Іс-шарада әр облыстың кітапхана қызметіндегі озық жобалар мен кітапхана тарихына арналған көрме таныстырылды. Оған Түркістан облысының кітапханашылары да белсене қатысты. Марапатқа ие болғандары да бар. Екінші рет кең көлемде аталып өткен салтанатты жиынның мақсаты — қоғамдағы кітапханашы мамандығының беделін арттыру, имиджін қалыптастыру және еліміздің түкпір-түкпірінде руханият саласына еңбек сіңіріп жүрген кәсіби майталмандарды дәріптеу. Салтанатты шарадан кейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен Ұлттық құрылтайдағы кітапханалар жүйесінің мәселелеріне қатысты дөңгелек үстел өтті. Басқосуға филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Диқан Қамзабекұлы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанова, филология ғылымдарының докторы, профессор Керімбек Құрманәлиев және кітапхана басшылары мен қызметкерлері қатысты. Дөңгелек үстелде кітапхана ісін дамытудағы өзекті мәселелер мен оқырман сұранысын қамтамасыз ету, салалық басылымдарға мән беру мәселелері талқыланды.