Оңтүстік Қазақстан облысында жақсы бір үрдіс бар. Ала жаздай тер төгіп еңбек еткен диқан да, шаруа да еңбегінің есебін алатындай «Алтын күз» мерекесін тойлайды. Бұл астық түсімінің, мал басының, жалпы шаруашылықтардағы жеткен жетістіктерді саралайтын кезең. Биылғы науқан
Төлеби ауданының ауылшаруашылық қызметкерлері үшін жемісті болды. «Тау жұлдызы» логистикалық — сауда орталығы аумағында ауылдық округтердің ұйымдастыруымен киіз үйлер тігіліп, аудан тұрғындары мен қонақтарға дастархан жайылды. Мерекеде ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде ауданның ауыл шаруашылық еңбеккерлері өз өнімдерін жұртшылыққа ұсынды. Барлық тауарлар төмен бағада сатылды. Аудан негізінен ауыл шаруашылық бағытын ұстанады. Жылдан жылға егістік көлемі ұлғайып, мал шаруашылығындағы жетістіктер артып келеді. Өз еңбектерімен жоғары көрсеткіштерге ие болған аудан еңбеккерлері марапатталды. 9 айдың қорытындысы бойынша егілген астық көлемі 20613 га жетіп, түсімі гектарына 27 центнер, дәнді дақыл 10886 га жетіп, түсімі гектарына 10,5 центнер болды. Мал және құс еті – 9221 тоннаға, сүт — 43305 тоннаға, ал қымыз өндіру -480 тоннаға жетті. Осы жетістіктерге жетуге өз үлестерін қосқан қымыз бағытында және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен Оразымбетова Ұлбосын 9 айда 41640 литр қымыз өндіріп, Кортаев Тұрар — 32500 литр, Абуов Үсен — 40000 литр және Абдраимов Оңғар 40500 литр қымыз өндіріп аудан әкімінің марапатына ие болды.