«Максимум» аймақтық инвестиция орталығы ашылғалы бері Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан қаласында жалпы сомасы 2,9 млрд теңгені құрайтын 1038 жоба қаржыландырған. Қыруар қаржы құйылған жобалардың нәтижесі жемісті болып отыр. Кәсіпкерлердің басым бөлігі жылыжай шаруашылығымен айналысқанды құп көреді екен. Мәселен, «Дидар» шаруа қожалығы 3 гектар жерге жылыжай кешенін ашу үшін «Максимум» АИО-нан 270 млн теңге несие алған. Соның арқасында бүгінде еңбегінің рәтін көріп отыр. Ауыл аймақтан асып өнімдерін Ресейге экспорттауда. Бұрындары тек шеттен келетін жылыжайлардың өнімдерін тұтынсақ бүгінде өзімізде де көбейіп келеді. Оның өнімдеріне деген сұраныс көп. Өзі тасымалдап әуреге де түспейді. Саудагерлер жылыжайға өздері келіп дайын өнімді пышақ үстінен қылдай етіп бөліп әкетеді. Сонымен қатар кәсіпкер Ербол Ашабаев 3 ай бұрын ірі қара мал бордақылау және жылына 70 тонна ет өндіру мақсатында «Ырыс» МҚҰ-нан 9 млн теңге несие алып, қожалық жұмысын анағұрлым жолға қойған. Осылайша өз өңірінде мал шаруашылығын дамытуға елеулі үлесін қосуда.