Кеңес Одағы кезінде тек елімізге ғана емес шетелдерге де өнімін экспорттайтын кәсіпорындар болған. Солардың бірі Сайрам ауданындағы ауыл шаруашылық машиналарын жасайтын «Манкентсельмаш» зауыты. Су көтергіштер, су сорғыш стансалар және басқа да ауыл шаруашылығына қажетті машиналар барлығы тек одаққа ғана емес Азия және Африка елдеріне де экспортталған. Кейіннен тоқырау жылдары тоқырауға түскен бұл зауыт Тәуелсіздіктің 25 жылдығына қарай өндіріс көлемін арттыра бастады. Зауыт өніміне деген сұраныс елімізден ғана емес шетелдерден де артуда. Өткен жылы арнайы тапсырыспен Түркіменстан 250 дана су көтергіштер сатып алды. Сұраныстың артуына байланысты жұмыс көлемі көбейгенде кадрлардың жетіспеушілігін байқаған зауыт басшылығы мамандар даярлайтын колледж ашып, өзіне қажетті кадрларды даярлай бастады. Оқыту жүйесі дуальды түрде, яғни партада көп отырғаннан гөрі, студенттерді өндірісте көп жүргізіп тәжірибеден өткізеді. Ең алғашқы бітірушілер бүгінгі таңда металл технологиясын игеріп, ресми түрде зауытта еңбек етіп, жаңа мамандармен тәжірибе алмасуда. 2016 жылдың 9 айында Сайрам ауданының өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 7496,9 млн.теңгені құраса, оның ішінде машинажасау саласында өнім көлемі 662,8 млн.теңгеге артып отыр. Бұл өткен жылдың өнім көлемімен салыстырғанда 3 есеге артқан. Бүгінгі таңда өндірісте 180 адам еңбек етуде. Бюджетке төленген қаржы көлемі 1,7 млн.теңгені құрап отыр. Алдағы уақытта зауыт бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін тауардың түрлерін көбейтіп, жаңа технологияларды ендіруді көздеп отыр.