Жаңа дәуір заманауи технологияларды талап ететіні белгілі, жаңаша ғылыми жаңалықтардың да өндіріске ендірілуін қажет етеді. Кеңес одағы кезінде жүгері шаруашылығымен танылған Отырар ауданы біраз уақыт бұрын бұл істі қожыратып алғаны да рас. Бүгінде ауданда жүгері шаруашылығы қайтадан өрістей бастады. Шетелдік кәсіпкерлер Отырар ауданында биоэтанол өндірісін қолға алуға қызығушылық танытуда. Негізгі шикізаты өсімдіктен алынатын биоэтанол өндірісі үшін аталған аудан таптырмайтын қолайлы аймақ болып отыр. Өйткені, бүгінгі таңда әлемде биоэтанол өндірісінің өрісі кеңіп, пайдаланушылар қатары көбейіп келеді. Кеңестік кезеңде 20 мың гектар алқапқа жүгері егіп, одан 50 мың тонна дән өткізген топырағы құнарлы отырарлықтар бүгінгі таңда жаңа технологиялармен және ғылымды ұштастыра отырып жүгері өндірісін қайта қолға алуда. Француздық экономика ісінің докторы, профессор Жан-Поль Ж.Дельхольм мен елімізге белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты С.Сейітжанов ауданыда болып, тартылатын инвестиция мөлшері, өндірістік база мен өнімді өткізу жайы турасында әңгіме қозғады. Қоршаған ортаны ластамау үшін әлемдік маңызға ие биоэтанол өндірісі Отырарда қолға алынса, ауданда экологиялық таза өнімнің бренді қалыптаспақ.