
Елбасының шағын және орта кәсіпкерлерге жағдай жасап жатқанының арқасында Түлкібастық жеке кәсіпкерлер өз істерін ілгері дамытып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысындағы табиғаты ең шұрайлы Түлкібас ауданы мал шаруашылығына да, ауыл шаруашылығын дамытуға да қолаулы аудан. Жеке кәсіпкер Сәбит Қасымбекұлы бүгінде 1,5 гектар жерге мал қора салып, мал шаруашылығымен айналысуда. Әу баста мал басы 25 еді. Мал қораны бітіріп, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына қатысып, 5 млн теңге несие алған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында осы ақшаға 40 құнажын, өз қаражатына 20 бас сауын сиыр алып, малдарды іріктеп, сүт бағытында ферма құрған. Төлдеген сиырлардың сүтін арнайы орындарға өткізіп отырады. Еңбек еткен жерде қалмайды, қимылдағанның қыр асатыны тағы бар. Кәсібін өрге жүздірген фермер Сәбит Жұманбаевтың бүгінде ауданда ауылшаруашылық саласын дамытуға өзіндік үлесін қосып жүргендердің бірінен саналады. Бүгінде оның фермасында 120 ірі қараға дейін жетті. Оның 80 басы сауын сиыр. Сауын аппаратымен қамтылған. Фермада 7 сауыншы, 4 малшы еңбек етеді. Фермердің алдағы жоспары – 50 гектар жер алып, оның 15 гектарына қора-қопсы салып, қалғанын суармалы жайылым ету. Құжаттары дайын. Тек іске асыру ғана қалды. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп, жұмыссыздықты азайтуға бір мысқал болса да үлес қоссам дейді.