Үндістан, Оңтүстік Қытайда өсірілетін цитрусты жеміс Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төлеби ауданында да өсірілуде. Алғашында жүрексініп жүргендер, тәуекелге барып, жылыжайларда сынақ ретінде өсіре бастады.
Лимон баптаудың тәсілдерін меңгерген Ким Юрий Алексеевич Көксәйек елді мекенінде 0,07 га жылыжайда лимон өсіруді қолға алған. Жылыжайда 400 – ге жуық лимон көшеті отырғызылған. Кәсіпкердің үміті ақталып, нәтиже шыға бастаған соң, оны кәсіпке айналдыру көзделді. Үш жыл бұрын егілген көшеттер бабы келіскен болу керек, биыл-ақ алғашқы нышандарын көрсете бастады. Кәсіпкер Юрий Алексеевич өз қаражатына салған бұл лимонарийге асқан төзімділік қажет екенін айтты. Осыған қарап, басқа банан, киви сияқты тропикалық жемістерді еш қорықпастан жылыжайларда өсіруге болатын сияқты. Биіктігі 3-6 метрге жететін бұл өсімдіктің үйде өсірілетіні 2 метрге дейін жетеді. 60 жыл жасайтын лимон ағашы үй жағдайында 40 жыл өмір сүреді. Ұрығын өсірсе, 40 күннен кейін көріне бастайды. Алғашқы жемісін 6-10 жылда береді, баяу өседі. Кәсіпкер өз өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз етуді көздеп отыр. Алдағы уақытта отандық лимон сауда сөрелерінен табылатын болады.