Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Созақ ауданында болып, ондағы тұрғын үй құрылысы мен бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Аймақ басшысы, ең алдымен, аудандағы индустриалды аймақта орналасқан екі ірі кәсіпорынға тоқтады. Онда әкім уран өндіруші кәсіпорындарға арнап металл бөшкелер шығаратын «UKO-S Star» зауытының жұмысымен танысты. Зауыт жылына 50 мың дана металл бөшке шығаруға қауқарлы. 40 адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орны жыл басынан бері 18 мыңға жуық металл бөшке әзірлеген. Мұнан соң, жұмысшы топ йодталған ас тұзын шығаратын «Дархан-Ас» зауытында болды. Жылына 9600 тонна өнім шығаруға қауқарлы зауыт жыл басынан бері 2500 тонна ас тұзын өндірді. Жаңадан ашылған кәсіпорын алдағы уақытта өндіретін өнімдерінің көлемін мұнан да арттыруды көздеп отыр. Қазіргі таңда 14 адамды жұмыспен қамтып отырған зауыт өнімін облыс нарығына шығаруда. Айту кету керек, қазіргі таңда, Созақтағы индустриалды аймақтың инфрақұрылым жұмыстары аяқталған. Аталған аймаққа өз өтініштерін берген 5 жоба енгізіліп, 4-уі жүзеге асырылуда. Индустриалды аймақтағы осынау жобалармен танысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кəсіпкерлермен тілдесіп, жұмыстарына оң бағасын берді.
Связанные истории
12.12.2016
28740
29.11.2016
38498