(жалғасы)
Шағын жəне орта кəсіпкерлікті дамытуда мемлекет тарапынан төменгі пайыздық несиелер мен субсидия сынды үлкен қолдаулар көрсетіліп жатқанына тоқталған əкім жергілікті əкімшілік тарапынан кəсіпкерлікті жандандыруда кедергі келтірілмеуі керектігін ескертті. Бұл ретте, ол таяуда облысымызға тұрғын үй құрылысы мен шағын және орта кәсіпті дамытуды қолдауға келген «Бәйтерек» Ұлттық холдингінің» еншілес компаниялары біздегі болашағы зор жобаларға қаржы салуға ниетті екенін еске салып, соған сай үздік жобаларды ойластыру қажеттігін жеткізді. Жалпы, облыс бойынша бүгінде көлемі 1116 гектар жылыжай бар болса, келер жылы оның көлемі тағы 100 гектарға ұлғаймақ. Бұл өз кезегінде, Оңтүстікте жылыжай кластерін құруға мүмкіндік береді. Осыны меңзеген аймақ басшысы аудандағы пластмасса қалдықтарынан шикізат өндіріп, полиэтилен құбырын шығаратын зауыт өз өнімін тек «Қазатомөнеркәсіпке» ғана бермей, қуаттылығын арттырып, оны жылыжай салуда қолдану қажеттігіне тоқталды. Мұнан соң, аймақ басшысы Созақтың орталығы — Шолаққорған ауылындағы «Өңірлерді дамыту — 2020» бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен салынып жатқан жалдамалы 50 тұрғын үйдің құрылысын көрді. 2015 жылы басталған баспана салу жұмыстары желтоқсан айында аяқталып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Ел Құрылыс тобы» ЖШС-і жүргізіп отыр. Айта кету керек, бүгінде Созақ ауданында 454 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Тұрғын үй құрылысымен танысу барысында аймақ басшысына осы маңға таяу жерден тағы да жеке сектор үшін жер телімі бөлінетіні баяндалды. Аталған мәселеге қатысты ойын білдірген аймақ басшысы жоғарыда аталған тұрғын үй құрылысы сынды баспаналарды бірдей етіп, ортақ жоспармен салуды тапсырды.