(жалғасы)
Баяндамашыдан соң Жансейіт Қансейітұлы аудандағы түрлі бағыттардағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалмағанына назар аударды. Оның ішінде, аудан басшылығы индустрияландыру картасына енуі тиіс жобаларды облысқа ұсынбаған. Мәселен, ауданда 97 мың түп ағаш отырғызу жоспарланса, соның небары 14 мыңы егілген. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында салынуы тиіс 11 нысанның 7-уі ғана бой көтерген. Мұнан бөлек, аудан ҰБТ көрсеткіші бойынша 12-орында. Білім сапасының төмендігіне алаңдаған өңір басшысы денсаулық сақтау, құқыққорғау саласының жұмыстарына да көңілі толған жоқ. Жиын соңында Ж.Түймебаев аудан басшылығына әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Нақтырақ айтқанда, индустрияландыру картасы аясында жобалар ұсынып, шағын және орта кәсіпті дамытуды, ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді шешуді тапсырды. Сондай-ақ, Созақта туризмді дамытып, жол бойындағы сервистік қызметтердің халықаралық стандарттарға сай болуы керектігін, сонымен бірге, тазалық мәселесіне айрықша көңіл бөлуді жүктеді. Оған қоса, аудандағы уран өндірумен айналысатын «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнымен тығыз байланыс орнатып, онда тұтынылатын тағамдардың үлесін жергілікті өнімдермен қамтамасыз ету үшін жұмыстарды үйлестіруді тапсырды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі