Елбасының «Нақты 100 қадам» — Ұлт жоспарының 94 қадамы бойынша берілген тапсырмасына сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысында «Ашық әкімдік» жобасы жүзеге асырылуда. Бір айта кетерлігі, бұл жоба республика бойынша Оңтүстікте алғаш өз жұмысын бастады. «Ашық әкімдік» жобасы бойынша, облыс әкімінен бастап, аудан әкімдері де атқарған жұмыстары жайлы халыққа есеп беруі тиіс. Халық әрқашан аймақта істелініп жптқан жұмыстардан хабардар болуы маңызды. Сонымен қатар, халық әкімге өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын айтып, еш кедергісіз жеткізе білгені зор рөл ойнайды. Жақында «Ашық әкімдік» жобасы аясында Түлкібас ауданында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ауданның ресми әлеуметтік парақшасында жарияланды. Онда өткен жылы инфрақұрылым жұмыстары толық аяқталған, жалпы жер көлемі 50 га құрайтын индустриялды аймаққа аймақтық үлестіру кеңесінде мақұлданған, жалпы құны 3 млрд.709 млн. теңгелік жаңадан 284 жұмыс орындары ашылатын 6 жоба жүзеге асырылғалы жатқаны жөнінде хабарланды. Аудан басшысы Ә.Тұрғымбеков аталған жобаларды жүзеге асырушы кәсіпкерлермен кездесіп, келісім шартқа қол қойылды. Жаңа зауыттарды құрылыс жұмыстары осы айда басталмақ. Жобалардың негізгі бағыты ауданның табиғи ерекшелігін ескере отырып, тамақ өнімдерін өндіру болып таңдалды. Оның ішінде жеміс жидек көкөністерді өңдеу табиғи шырын шығару болып отыр. Алдағы уақытта ауданда таза табиғи өнімдерден шырынды сусындар мен ет өнімдерінен шұжық тағы басқа өнімдер шығарылатын болады. Кәсіпорындарға қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін ауданда бау бақшалар, мал шаруашылығы саласында кооперативтер құрылатыны айтылды. Алдағы уақытта индустриялды аймаққа тағы да 9 жоба орналастыру көзделуде.